Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

29 мыңнан астам шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды

AstanaTV
22.07.2022ж. 20:00
3033
29 мыңнан астам шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Қазір Қазақстанға 76 елдің азаматтары визасыз кіре алады. Құжат әзірлеп, уақыт жоғалтпайды. Бірақ шектеулі мерзімге ғана. Іскерлік байланыс орнатып, келісімшарт жасай алады. Турист ретінде демалып, көрікті жерлерді аралайды. Жеке шаруасымен  келуге де рұқсат бар.

Бірақ, жеке шаруа дегенді басқаша түсінетіндер бар секілді. Қылмыстық топ құрамына кіріп, білгенін істеп жүрген шетелдіктер жақында құрықталды. Жеті адам елордалық тұрғынның есепшотынан 137 млн теңге ұрлаған.

Жандос СҮЙІНБАЙ, ҚР ІІМ КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ КИБЕРҚЫЛМЫСПЕН КҮРЕС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Бұл топтың құрамында Қазақстан мен шетел азаматтарының бар екені анықталған. Тінту кезінде олардан 8 миллионнан аса ақша, қалта телефондары, SIM карталар, 20-дан астам төлем картасы, сондай-ақ банк карталарының атаулары мен парольдерінің жазбалары табылды. Олардың шығыны 170 миллион теңгеден асады.

Жыл басынан бері ішкі істер органдары 11730 адамға виза берген. Оның 1129-ы бір реттік, 9610 -көп реттік. Бір реттік визаға 7, көп реттілікке 30 айлық есептік көрсеткіште баж салығын төлейді. Егер ережені бұзса, айыппұл арқалайды, елден аластатылады.

Шұғыла ТҰРЛЫБЕК, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ ӨКІЛІ:

Жыл басынан бері әртүрлі құқықбұзушылыққа байланысты 29 мыңнан астам шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылса, сот шешімімен 2696 шетелдік елімізден шығарылды.

Енді елімізге Иран, Үндістан және Қытай азаматтары визасыз 14 күнге кіре алады.  Неліктен бұл үш мемлекетке жеңілдік жасалды?  Үндістаннан бізге турист келе бермейді.  Көбіне, тек келісім-шартпен оқуға студенттер келеді. Оларға бұл визаның бар-жоғы маңызды емес. Ал, Ираннан тіпті адам аяғы аттамайды деуге болады. Бірлескен кәсіпорындар жоқтың қасы. Қытайдан керісінше, жұмыс іздеушілер көп келеді.  

Бауыржан ЫСҚАҚОВ, ЭКОНОМИСТ:

Бізде Қытайдың көптеген өндіріс ошақтары бар. Және оларға жеңілдетілген дүние. Бұл енді 14 күн бізге қандайда бір экономикалық пайда да әкелмейді, зияны да жоқ. Үндістан ол әлемде ірі фармацевтика орталығына айналған. Егер олар кәсіпорындарын ашуға экономикаға тиімді жобаларымен келетін болса, біз оларды құба-құп қарсы алуымыз керек.

Қазақстан азаматтары да 70-тен астам елге визасыз бара алады.  Оның дені-ТМД аумағы және Африка елдері. Ал туристік әлеуеті жоғары, экономикасы дамыған Еуропа мен Америкаға виза рәсімдеуіңіз міндетті.  

Т. Әлжанов