Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Елордада өрттен 4 адам зардап шекті

AstanaTV
26.07.2022ж. 20:00
1333
Елордада өрттен 4 адам зардап шекті

Нұр-Сұлтанда газ толтыру станциясы өртенді.  Сондай-ақ, онымен қатарлас жиһаз  цехтары отқа оранған. Куәгерлердің айтуынша, өрт шағын өндіріс орындарының бірінен тұтанған.   Сол жердегі жалдамалы жұмысшылардың бірі-  Алексей "газдың иісі үнемі шығып тұратын" дейді.

Алексей ЧАБИН, ЖҰМЫСШЫ:

Түстен кейін газдың иісі осы жерлерде қатты шыға бастады. Басым ауырған соң үйге ерте қайтып кеттім. Үнемі осындай иіс шығып тұратын. Сондықтан оны қалыпты жағдай деп ойладық.

Эльдар МАЙДАРОВ, ЖИҺАЗ ЦЕХЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Менің 3 цехым өртеніп кетті, шамамен мұнда 25 адам жұмыс істейтін. Шамамен есептеп көрдік, 60-70 млн шығын келіп тұр. Жігіттер бұрын соңды газдың иісі шығып тұратын деп айтатын. Бірақ, кеше газдың иісі қатты шықты. Өзім осы жерде болып, жауапты мекемеге газдың иісі шығып тұрғанын айтқанмын.

Куәгерлердің айтуынша, өрт сөндірушілер келгенде бір қабатты ғимарат пен екі қабатты қойманың шатыры лаулап жатқан.

Ажар РҮСТЕМОВА, НҰР-СҰЛТАН қ.ТЖ ДЕПАРТАМЕНТІ ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Өртің себебі, материалдық шығыны, және кінәлі тұлғалар анықталуда. Өрт нәтижесінде бүгінгі күні қылмыстық іс қозғалды.

Өрттен 4 адам зардап шекті. Дәрігерлердің айтуынша,  қазір олардың жағдайы өте ауыр. Жедел жәрдеммен әкелгенде 3 азаматтың денесін 80 процентке дейін күйік шалған дейді.

Жеңіс БАПАНОВ, №1 ҚАЛАЛЫҚ АУРУХАНА БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бір адамның жағдайы өте ауыр, екі адамның жағдайы ауыр деуге болады. Қазіргі уақытта 3 адам да жан сақтау бөлімінде. Ал бір адам ком.бөлімінде жағдайы орташа дәрежелі.

Өрт сөндірушілердің айтуынша, от әлі толық өшпеген.  Кей жерлер бықсып жатыр.  Төтенше жағдай қызметкерлері оқиға болған жерде жүр.

Ә. Дүкембаева