Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Мәжіліс депутаты Зағипа Бәлиева Талғар ауданын аралады

AstanaTV
13.07.2016ж. 20:00
2799
Мәжіліс депутаты Зағипа Бәлиева Талғар ауданын аралады

Алматы облысында бұрын-соңды болмаған қарқынмен мектептер салына бастады. Биыл аймақта барлығы 41 жалпы білім беретін мекеменің құрылысы жүріп жатыр. Бұл туралы бүгін Алматы облысы Талғар ауданын аралауға келген Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Зағипа Бәлиева мәлімдеді. Ол түске дейін Белбұлақ ауылдық округіндегі 600 орындық мектеп пен Талғар қаласындағы №6 мектептің құрылыс қарқынымен танысты. Халық қалаулысы құрылыс мердігерлерін "сапалы жұмыс істеуге" шақырды. 

Одан кейін Зағипа Бәлиева аудан орталығындағы пластикалық құрылыс өнімдерін шығаратын зауытқа ат басын бұрды. Елімізде Германия технологиясымен су, кәріз және есік терезеге арналған пластик заттарын шығаратын зауыт 70-ке жуық адамға жұмыс беріп отыр. Жылына 2 800 тонна өнім өндіріп, оны республиканың түкпір-түкпіріне жөнелтеді. 

Қазақстандағы балалар құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін қоса атқаратын депутат, аймақтағы жасөспірімдер мен балалар мәселесіне назар аударып отырғанын айтады. Ол тастанды балалар мәселесімен жақын күндері өзге аймақтарды да аралап шықпақ. 


Зағипа Бәлиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Екі лагерде болдым, онда баларға барлық жағдай жасалған. "Нұрлы жол" бойынша бүгінде 2 мектеп салынып жатыр. Ал аймақта, Алматы облысында 41 мектеп салынады. Оның ішінде 27 мектеп "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша. Бүгін екі мектеп те график бойынша құрылысы жүріп жатыр екен. Уақытында іске қосылады.

Ал Ақмола облысындағы Капитоновка елді мекеніне жұмыс сапарымен барған Мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаев ауыл тұрғындарымен кездесті. Жергілікті халық жайылымдық және шабындық жерлердің жыртылуына алаңдаушылықтарын білдірді. Халық қалаулысы бұл мәселені тиісті мекемелерге жеткізетіндерін айтты. Депутат ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімді тұстарын баяндады.

Жалпы, Капитоновка ауылында қазір мыңға жуық тұрғын бар. Олардың көбі жергілікті серіктестікте жұмыс істейді. Шағын қожалықтардың кооперативтерге бірігуі ауыл тұрғындарына мол мүмкіндік ашады, деді мәжілісмен Жексенбай Дүйсебаев.

Жексенбай Дүйсебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Өздерінің қосалқы шаруашылықтарындағы өндіріп жатқан қазіргі уақыттағы ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей делдалсыз нарыққа шығару мәселесі. Бұл - бір. Екіншісі - қазіргі уақытта мынау жергілікті атқарушы органға, ауылдық округтерге 2018 жылдан бастап өзінің бюджеті болады. Соған дайындық мәселелері. 

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ