Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Елордада "Мерейлі отбасы" байқауының жеңімпаздары анықталды

Елордада "Мерейлі отбасы" байқауының жеңімпаздары анықталды

Елордада "Мерейлі отбасы" байқауының жеңімпаздары анықталды. Сегізінші жыл қатарынан өткен ұлттық сайысқа тұрғындардан   151 өтініш келіп түскен. Бұл- рекордты көрсеткіш! Өткен жылдармен салыстырғанда біршама көп. Отбасылық сайысқа бас қаланың әртүрлі санаттағы отбасылары қатысты.

Есет БАЙКЕН, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Комиссияның отырыстары кезінде таңдауға қиын болды. Себебі критерийлер жылдан жылға артып келе жатыр. Бірақ негізгі критерий ол отбасының ұлағаттылығы, үлкендердің баталы, әкелердің ақылды және үйдегі ұйытқы боп отырған аналарымыздың рөлі, осы балаларымыздың көрсетіп отырған жетістіктері.

Арнайы комиссия мүшелерінің шешімімен 10 отбасы арнайы номинациямен марапатталса, 5 отбасы үздіктер қатарынан көрінді.

Жәмила АХМЕТОВА, "МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ -2022" ҚАЛАЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ 3-ОРЫН ИЕГЕРІ:

92 жылы отасқанбыз. Биыл 30 жыл болайын деп жатыр. Бізге ерекше, тосынсый болды. Семья шағын мемлекет дейді ғой. Семьяда не болып жатса мемлекетте де тыныштық болу керек.

Жанұя жылулығы мен татулығын айқындаған бәсекеде Сағитовтар отбасы жеңімпаз атанды. 6 баланы тәрбиелеп отырған отағасы - паралимпиадалық жаттығу орталығында жұмыс істейді, зайыбы - кадрлар бөлімінің бастығы. Ал, балалары өнер мен спортты қатар алып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр.

Айнагүл САҒИТОВА, "МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ -2022" ҚАЛАЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

Шаңырақ көтергенімізге 13 жыл болды. Тұңғышымыз дүниеге келгенде жұбайым тоққа түсіп, жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Көбісі беті бері қарамайды деп те айтқан. Бірақ, жолдасым  жазылып, үлкен әрі қайсар отбасы болуға күш салдық. Бұл сынақ біздің отбасымыздың іргесін берік ете түсті.  

Қалалық кезеңде мерейі тасыған отбасы енді республикалық байқауда бақ сынайды.    

К. Мерей