Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Қант бағасы 320 теңгеге жетті

AstanaTV
13.07.2016ж. 20:00
7403
Қант бағасы 320 теңгеге жетті

Ақтөбеде қант бағасының қымбаттауына өнімнің тапшылығы себеп. Бүгін әкімдік өкілдері осылай деп мәлімдеді. Қазір қалада қанттың келісі 320 теңгеге дейін сатылып жатыр. Қоймада сақталған қор аз. Ақтөбеде ғана емес, бірқатар аймақтарда да қант тапшылығы сезіліп, баға құбылды. Тілші тарқатады. 

Қазір қалада қантқа сұраныс жоғары. Осыдан 3-4 күн бұрын келісі 235 теңгеге сатылған еді. Қазір базардағы баға 320 теңге. Саудагерлер күніне 5-6 қап шекермен шектеледі. Өйткені көтерме бағамен сататын жерде қант тапшы, ал бағасы қымбат.

Базар Сүйіншалина, саудагер:

Біз шекер әкелетін фирмалардың ешқайсысы бізге шекер әкеліп тұрған жоқ. Шекер таба алмай отырмыз. Әр жерден шамалап 10 қаптан алып, күніне 5-6 қап сатып отырмыз. Басқа шекер жоқ.

Тілші:

Сіздер қаншадан алып отырсыздар?  

Бибігүл Албетова, саудагер:

290, по 300 продаем.

Қазір ең арзан өнім Алматы мен Астанада. Бағасы 240-250 теңге аралығында. Өскемен мен Павлодарда 270 теңгеге қымбаттаған. Ең қымбат қант Атырауда. 300-350 теңге аралығында. Қызылжар өңірінде де 300 теңгеге жетіп, халық аралыснда дүрбелең туған. Әкімдік тұрақтандыру қорынан 68 тонна қант бөліп, кейбір жерлерде баға 240 теңгеге тұрақталды.

Ал Ақтөбедегі мамандар өңірдегі қант тапшылығы маусымдық сұраныстың артуынан деп отыр. Өйткені қазір жеміс-жидектің піскен уақыты. Ал бағаның құбылуы қанттың қалаға әкелінетін көлемінің азаюынан дейді.

Руслан Ажниязов, Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімі басшысының орынбасары:

Поставщик бізде ЦАСК шекерді қалаға жіберген жоқ. Жібермегенде олар жіберді, оларда өндіріс жаңағы ЦАСК-тің өндірісі Тараз қаласында, енді олардан Тараздан бізге Ақтөбеге жеткенше, 5 күндей уақыт алады.

Ақтөбе облысына қант жеткізумен «ЦАСК», «Риол» және «Фирма Асан» ЖШС-тері айналысады. Қазір қоймаларында барлығы 50-60 тоннасы ғана қалған. Әкімдік өкілдері келер аптада қалаға қант жеткізілсе, жағдай реттеледі деп отыр. Бірақ Таразда екі бірдей зауыты бар «ЦАСК» компаниясы қант тасымалдауда ешқандай проблема жоқ екенін айтты. Қазір тәулігіне 1,5 мың тонна қантты әр аймаққа жөнелтіп отырмыз дейді. Ал Ақтөбе облысы ай сайын 1300 тоннадай қант тұтынады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық. 

Жанар ҚОЖАНОВА