Алматыда жалға берілетін пәтерлердің құны орта есеппен 15 %-ға өскен. Бұл туралы Krisha.kz сарапшылары мәлімдеді. Мегаполисте пәтер жалдау бағасы шаршы метріне 4900 теңге болды. Мамандар мұны алыс-жақын шетелдерден көшіп келушілердің көптігімен, доллар бағамының өсуімен және жоғары инфляциямен байланыстырады.
Орынбасар САТАЕВ, ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК АГЕНТТІГІНІҢ БАСШЫСЫ:
Бағаның өсуі -қазір әлемдік тенденция. Көптеген мемлекетте инфляция жоғары. АҚШ-тың өзінде қазір 9 % инфляция. Біздің өзімізде 14-15 %. Екінші, доллардың өсуі, құрылыс материалдарының қымбаттауы, жұмыс күштерінің қымбаттауы. Кез-келген студент болсын, жалпы, қазір бұрынғыдай ескі үйлерде тұрғысы келмейді. Бұл деген біздің халқымыздың талаптары өсіп жатыр деген сөз.
20 жастағы Фарух Тухтаев пәтер жалдап тұрады. Оның ақысын төлеу үшін оқып жүрпі, жұмыс істеуге мәжбүр.
Фарух ТУХТАЕВ, СТУДЕНТ:
1 бөлмелі пәтерді 150.000 теңгеге жалдап тұру тек студенттерге емес, барша халыққа да оңай емес. Мен арнайы қаланың шетінен жалдап тұрамын. Алайда, күнделікті оқу орныма барып-келуіме де бұл кері әсерін тигізеді.
Маусым айында бір бөлмелі пәтерді жалға алу құны орта есеппен айына 140 000 теңге болса, тамыз айында 150 000 теңгеге өскен. Екі бөлмелі пәтер 200 000 теңгеден 250 000 теңгеге көтерілді. Ал үш бөлмелі пәтер 280 000 теңгеден 319 000 теңгеге дейін жоғарылады. Жаңа тұрғын үй кешендерінде пәтер жалдау құны жарты миллион теңгеге дейін барады.
Мақсат ХАЛЫҚ, ЭКОНОМИСТ:
Осы жылдың басында үкіметте бір шешім қабылданды. Әлеуметтік осал топқа пәтерақысының жартысын субсидиялап береміз деген. Бұл жағдай да белгілі бір дәрежеде бірден бағаның өсуіне әсерін тигізді, әсіресе, жалгерлік төлемнің өсуіне. Нарыққа олай келуге болмайды, нарықтың өзінің заңдылықтары бар.
Мамандар пәтерді жалға алу құны алдағы уақытта тағы да өсетінін болжап отыр. «Бағаны тұрақтандыру үшін мемлекеттік бағдарламаларды жетілдіріп, өндірісті жолға қою керек»,- дейді.
М. Жақан