Шығыс Қазақстан облысында жоғалған 12 жастағы ерекше бала аман есен табылды. Еріктілер мен полиция қызметкерлері екі күн іздестіру жұмыстарының нәтижесінде оны шұңқырдан тапқан.
Шығыс Қазақстанда екі күннен бері іздестіріліп жатқан ерекше диагнозы бар бала табылды. Дін аман, қазір онымен психологтар жұмыс істеуде, содан соң баланы ата-анасына тапсырамыз дейді құзырлылар.
12 жастағы Темірлан Ахмеджанов осыдан екі күн бұрын түнгі 2-лер шамасында үйінен шығып, қайта оралмаған. Анасы ұйықтап қалған кезде қашып кеткен көрінеді.
Олеся БОКОВА, ТЕМІРЛАННЫҢ АНАСЫ:
Түнде оянып қарағанымда, ол есікті ашық қалдырыпты. Оны іздеп жүгірдім, таппадым, ал таңертең полиция қызметкерлері келді. Бұл бірінші рет емес, 5-ші рет жасап отыр. Оның эпилепсиясы және аутизмі бар бала.
Жасөспірімді іздестіру жұмыстарына 550-ге жуық құтқарушы, кинолог, Ұлттық Ұлан сарбаздары мен волонтерлар жұмылдырылған. Мамандар мұндай ерекше балалардың үнемі ата-анасының қарауында болуы керек екенін айтады.
Әсел ЧЫМЫРБАЕВА, СЕРТИФИКАТТАЛҒАН МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ ТАЛДАУШЫСЫ:
Ерекше балалардың таң ата немесе түнде шығып кетуі, бұл ұйқысының дұрыс болмауында. Кейбіреуінің ұйқысы болмайды, ал біреулері ерте оянады. Олар қорқыныш дегенді білмейді, кез-келген уақытта шығып кете береді. Ал кейбір балалар жүгіргенді жақсы көреді, оларға бұл өте ұнайды. Сондықтан оларды тоқтата білген дұрыс. Тек шошытып алмау керек.
Бұған дейін, Қостанай облысында аутизмге шалдыққан бес жасар Мадина таңға жақын үйінен шығып кетіп, арада бес күн өткен соң оның мәйіті өзеннен табылған болатын. Содан кейін әлі ес жиып үлгермеген жұртты Темірланның оқиғасы қатты алаңдатты. Оның аман есен табылғанына көпшілік қуанып жатыр.
Ә. Дүкембаева