«AMANAT» партиясы жанынан құрылған мониторинг және қоғамдық топтар бірнеше апта бойы азық-түлік пен тауар бағасына бақылау жүргізуді жалғастыруда. Солтүстік аймақ бағаны ұстап тұруға әрекет етсе, Орталықта баға ырыққа көнбей тұр.
Қарағанды базарларында кей азық-түліктің бағасы супермаркеттен де қымбат. «AMANAT» партиясының арнайы мониторинг топтары күнбағыс майы, қант, қырыққабат пен картоптың едәуір жоғары бағада сатылғанын анықтады. Бұл ақпараттар партияның бақылау комитетінде талқыланып, негізсіз баға көтерген жағдайлар анықталса үкіметке жолданады. Сонымен бірге кәсіпкерлермен жергілікті әкімдік кеңеседі.
Абай БАҒЧАЙ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ САЯСИ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Осыдан бір апта бұрын ғана бізде қанттың бағасы Самал базарында 710 теңге болатын болса килограмы, ал Магнум, Норма сауда үйлерінде 550- 600 теңгеге дейін барады. Баға бір қалыпқа келгенше мониторинг топтары өз жұмыстарын жалғастыра береді деген ойдамыз.
Қарағандыда 19 мониторингтік топ қаладағы ең ірі базарлар мен дүкендерді аралап шыққан. Тұрғындар азық- түліктің бір емес бірнеше рет қымбаттағанын айтады.
Айжан ҚҰЛМҰХАНОВА, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Сұйық май қатты қымбаттап кетті соңғы жылда екі ретке қымбаттады. Ет те қымбаттап кетті екі ретке.Бұрын біз 20 мыңға полный корзина алатын едік енді 20 мыңға 3-4 пакет аламыз да шығамыз.
Ал Солтүстік Қазақстан облысы күнделікті тұтынылатын 19 түрлі өнімнің бағасын барынша ұстап тұр. Аманаттықтар Петропавлдағы коммуналдық базарға барып, өнімдердің бөлшек сауда бағасына 15 пайыздан артық қосылмауын тексерді. Сұранысқа ие картоп келісі 180, қырыққабат 100, пияз 180, ал тұрақтандыру қорынан алынған қант 440 теңгеден сатылып жатыр.
Вадим МУСИН, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ СҚОФ ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Ұн, пияз, картоп, жарма бағасы арзандайды. Сондай-ақ қант бағасының төмендеп бара жатқанын атап өтуге болады. Қазір қантқа қатысты дүрбелеңді көріп отырғанымыз жоқ.
«AMANAT» партиясының елордалық филиалының мониторингтік тобы да тексеру жүргізуде. Топ құрамындағы белсенділер әрбір тауардың бағасын сұрап, тұрғындармен тілдесіп, үстеменің үлесін азайтуға тырысуда.
Нұрғали КЕНЖЕБАЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ БАЙҚОҢЫР АУДАНЫНЫҢ ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Мұнымен тоқтамай алдағы аптада екі жұманың арасында жеке-жеке әрқайсымыз топтармен бағаларды фотоға түсіріп, бақылайтын боламыз.
Қ. Мерей