Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Ақмола облысында 60 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

AstanaTV
18.08.2022ж. 20:00
1829
Ақмола облысында 60 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

«AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясы Ақмола облысына барды. Мұнда мемлекет меншігіне 60 мың гектар жайылымдық жер қайтарылды. Енді бұл жер телімдерін ауыл тұрғындары мал жаю және шөп шабу үшін пайдаланатын болады.  

Атбасар ауданы Сочинское ауылының тұрғындары мал жаятын жер таппай отыр. 200-ге жуық үй түтін түтетіп отырған ауылдың 6 мың гектар ғана жайылымдық жері бар. Төрт түлігі төлдеп, жыл сайын мал басы артып келеді. Сондықтан ауыл тұрғындары «жайылымдық жер керек» деп шағымданған.

Асылхан ТАСТЕМІРОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Жер мәселесі бізде күрделі. Тұрғындардың барлығы дерлік мал шаруашылығымен айналысады. Ауыл халқы ірі қара, жылқы өсіріп жан бағып отыр. Комиссия осы мәселені шешуге көмектеседі деп үміттенеміз.

Ақмола облысының тұрғындары үшін жайылым жердің жетіспеушілігі өте өзекті мәселе. Сондықтан комиссия мүшелері мұнда белсенді жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттік органдармен және ірі меншік иелерімен бірлесіп қабылдаған шешімдердің орындалу барысына мониторинг жүргізуде.

Дәулет КӘРІБЕК, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Қазір заңсыз берілген жерлерді де қарап, оған байланысты дұрыс емес шешім шығарған азаматтарға, қызметкерлерге байланысты тәртіптік, оның ішінде заңдық шаралар қолдануды жолға қойып, бұл бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.

Комиссия мүшелері мемлекетке қайтарылған жерді тұрғындар тиімді пайдалану үшін үлестіру жұмыстары да маңызды дейді. Сондықтан тағы мәселе туындамас үшін бұны да қаперге алуда.

Мақсат ТОЛЫҚБАЙ, "ЖЕР АМАНАТЫ" КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ, ЖУРНАЛИСТ:

Бұл комиссияны құрудағы мақсат мықты, мықты белсенділер, әртүрлі қоғам өкілдері, бас прокуратураға дейін қостық. Партияның бүкіл тетіктерін қосып жатырмыз. Елге қайтару керек. Өйткені Конституцияға өзгеріс енгіздік қой. Жердің иесі кім, жердің иесі халық. Сондықтан барлығымызға аманат. Әйтеуір нәтиже жаман емес.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Аманаттықтар бұл бағытта нәтижелі жұмыс атқаруда. Қысқа уақытта 350 мың гектардан астам жерді қайтарды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да  жалғасады.

Т. Әлжанов