Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Ерекше форматтағы спорттық медицина орталығы ашылды

AstanaTV
19.08.2022ж. 20:00
2219
Ерекше форматтағы спорттық медицина орталығы ашылды

Елордада спорттық медицина орталығы ашылды. Орталықтың салтанатты ашылуы Спорт күніне орай  ұйымдастырылған.

Заманауи орталықта  7 жастан бастап қызмет көрсетіледі. Бұған дейін қала әкімі Алтай Көлгіновтің атына спортшыларға арналған медициналық орталық ашу туралы ұсыныс түскен болатын. Елорда әкімдігі тарапынан аталған идея қолдау тапқан.

Спорт медицинасы орталығының салтанатты ашылу рәсіміне   Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай  Көлгінов қатысты. Сондай-ақ, әлемдік деңгейдегі дәрежесі бар спортшылар келді. Қала әкімі спортшыларды  құттықтап,  алғыс хатпен,  сыйлықтармен марапаттады.

Алтай КӨЛГІНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Спортшыларымыз жақсы нәтижеге жастайынан бейімделетін болса, сосын кәсіби спортқа барған кезде әлемдік сахналарға, әлемдік ареналарда біздің көк туымызды жоғары көтеретініне біз нық сенімдіміз. Сондықтан келе жатқан мереке құтты болсын! Ашылған орталық сіздерге де құтты болсын.

Орталық басшысының айтуынша,  спортшылар мұнда  жоғары білікті мамандандырылған медициналық көмекпен қамтамасыз етеді. Спортпен және дене шынықтырумен шұғылданатын тұлғаларды дәрігерлік бақылауға алады. Сондай-ақ,  жасөспірімдерге арналған спорт мектептерінің оқушыларына тереңдетілген медициналық тексеріс жүргіземіз дейді.

Азамат ЕРҚАСЫМОВ,  СПОРТТЫҚ МЕДИЦИНА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қала деңгейінде аналогы жоқ, ерекше форматта ашылып жатқан орталық. Идеяның авторы ретінде қаламыздың әкімі Алтай Сейдірұлы өзі бастап, қолдап ашылған бұл орталық.Қаламыздың 400 мыңға жуық спорт сүйер қауымы бар, соларға қызмет атқарады.

Орталықта спортпен және дене шынықтырумен шұғылданатын тұлғаларға диагностика жасау, оңалтуға бағытталған іс-шараларды әзірлеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар.  

А. Дүкембаева