Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Электросамокаттар қаншалықты қауіпсіз?

AstanaTV
23.08.2022ж. 20:00
1285
Электросамокаттар қаншалықты қауіпсіз?

Алматыда жаз басталғалы электрлісамокаттардың қатысуымен болатын жол – көлік оқиғасы 4 есеге көбейді. Енді «Жол жүрісі туралы» Заңға өзгерістер енгізілмек. Көліктің бұл түрі бүгінде жоғары сұранысқа ие. Осыны пайдаланған пысықайлар оны жалға беруді кәсіптің көзіне айналыдырыпты. Электрлісамокаттар қаншалықты қауіпсіз? Мөлдір Жақан жауап іздеді.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Электросамокаттар бүгінгі күннің жаңа көлік түріне айналды. Бұл экологиялық таза, қарапайым әрі ыңғайлы көлік болғаннан кейін жоғары сұранысқа ие. Дегенмен, оның да басқа көлік түрлері сияқты қауіпсіз тұстары барын ұмытпаған жөн.

Діттеген жеріне жылдам жетудің тиімді жолы ретінде, электросамокатты таңдайтындардың қатары күн санап көбейіп келеді. Бүгінде микромобильдік көлік құралдарын Алматының кез-келген нүктесінен жалдап алуға болады. Бағасы да қолжетімді. Әр минут үшін 30 теңге төлейсіз. 25 жастағы Әлішер Шерниязов бұл көлік түрін небәрі 1 ай бұрын пайдалана бастағанымен, біраз артықшылықтарын байқап үлгерген.

Әлішер ШЕРНИЯЗОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Экологияға жақсы, велодорожкалары бар, ыңғайлы. Пробкада тұрмайсың. Осы нәрселерімен маған самокат ұнайды.

Дегенмен, электр самокатты пайдалану ережелерін біреуі білсе, енді біреуі біле бермейді. Қабылданған ережелерге сәйкес, электрсамокат тек бір ғана адамға арналған. Әрі ол міндетті түрде кәмелет жасқа толуы керек. Ал жылдамдықты сағатына 25 шақырымнан асырмау шарт. Сағатына 50 шақырымнан асатын жылдамдыққа жететін самокаттарды басқару үшін А1 санатындағы жүргізуші куәлігі қажет болады. Аталған ережелер сақталмаған жағдайда көлік тізгіндеушіге хаттама толтырлып, жауапкершілікке тартылады.

Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Қазіргі норма бойынша самокат тізгіндеген адамдарға жолдың оң жақ бетінен жүруге рұқсат етілген. Өйткені, электр самокаттардың басым көпшлігінің жылдамдығы 60 км-ге дейін жетеді. Сондықтан бұл азаматтар ешқашан жүргіншілердің жолымен жүре алмайды.

Көліктің бұл түрін өндіруші компания электр самокат жүргізу мектебінің онлайн нұсқасын іске қосқан.

Даниил КАПЦАН, ЭЛЕКТРЛІСАМОКАТ ШЫҒАРАТЫН КОМПАНИЯ ӨКІЛІ:

Электр самокаттарды тізгіндеушілердің ең көп жіберетін қателігі – олар жаяу жүргіншілер жолымен өткен кезде самокаттан жерге түсуді ұмытып кетеді. Біз тұтынушыларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барынша тырысамыз. Мәселең, біздің компания өндіретін самокаттарда қараңғы уақытта жағып қоятын шамдары бар. Алдағы уақытта самокатта қанша адам тұрғанын анықтай алатын қосымша енгіземіз.

Айта кетейік, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында Алматыда электр самокаттардың қатысуымен 22 жол – көлік апаты орын алып, 23 адам зардап шекті. Нәтижесінде 1 адам қаза тапты.

М. Жақан