Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Жамбыл облысында мемлекет қаржысына салынған футбол алаңшалары жылға жетпей жарамсыз болып жатыр

AstanaTV
23.08.2022ж. 20:00
1158
Жамбыл облысында мемлекет қаржысына салынған футбол алаңшалары жылға жетпей жарамсыз болып жатыр

Ал, Жамбыл облысында мемлекет қаржысына салынған футбол алаңшалары жылға жетпей жарамсыз болып қалған. Қабырғалары құлап, жасыл алаңшарды жел ұшырып әкеткен. Тұрғындар бұқаралық спортты дамытып, саламатты өмір салтын қалыптастыруға қаралған қаражат қадағаланбағандықтан ақшаның ауаға кетіп жатқанына күйінеді. Ал жауаптылар бөлінген қаржының аздығын айтып ақталды. Енді жергілікті билік футбол алаңдарын сапасыз салған мердігерлерді сотқа сүйремек.

Жамбыл ауданы Жасөркен ауылындағы мына доп тебетін алаңша былтыр күзде берілген екен. Жыл толмай жатып аянышты күйге түсіп отыр. Ата-аналар мұнда балаларын жіберуге қорқады. Өйткені жарығы жиі сөніп, қырық жамау төсеніштен сүрініп аяқ қолын сындырып ала ма деп алаңдайды. Бұқара сапасыз салынған алаңшаға бақылау жүргізбеген әкімдікті айыптайды.

Мұрат СЕЙДІБАЛИЕВ , ЖАМБЫЛ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Клейі де жақсы болу керек екен, ол да дұрыс емес болған. Өңкей сапасыз материалмен жасаған ғой. Енді мердігерді әкімге айттық, мердігерді таппай отырмыз. Бір кеп көрген де жоқ. Оның бір жыл ма екі жыл срогы бар ғой сол бітпей тұрғанда мынаны істеп беру керек қой.

Ермек САҒЫМБЕКОВ, ЖАМБЫЛ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мынаны ауылдың балдары өздері клей жағып, клеймен клейлеп көрген ол да болмады. Одан кейін мына прожекторларды, ауыл балалары өздері жиып сатып алған. Прожекторды да қойған жоқ. Енді көріп тұрсыздар шамамыз келгенше жамаймыз. Онда да болмайды.

Ал, мына алаң Бәйтерек ауылында орналасқан. Екі жыл бұрын бой көтерген футбол алаңшасы бірінші желден сыр берген. Қазір қоқыс болып үйіліп жатыр. Аталған ауданда 2019 жылдан бері 27 футбол алаңшасы ашылған. Өкінішке орай олардың тең жартысы, дәл осындай күйге түскен. Бұған жауаптылар құрылыстың арзанқол материалдан жасалғанын айтып, мойындап отыр. Қымбатын алуға бөлінген қаражат жетпеді дейді.

Қайрат ЕРЖІГІТОВ, ЖАМБЫЛ АУДАНДЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

3,5 млн-нан 4,5 млн-ның арасында салынған кіші футбол алаңдары. Ал егер де таза былай алатын болсақ, мынандай ақшаға заманауи үлгіде сала алмайсың қазіргі уақытта. Заман талабына сәйкес салатын болса 10-15 млн-ның арасында қаржы кетеді.

Енді аудан әкімдігі жарамсыз күйге түскен алаңшаларды қайта жөндемекші. Сапасыз салған мердігерлерді сотқа беру арқылы, мәселені шешетіндерін жеткізді.

Б. Жұмабайұлы