Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

"Қазақстан халқына" қоры басшысы елордалық азаматтық сектормен кездесті

AstanaTV
24.08.2022ж. 20:00
980
"Қазақстан халқына" қоры басшысы елордалық азаматтық сектормен кездесті

Дамыту орталығына баратын мүгедек балалардың ата-анасын кәсіби тұрғыда оқытқан абзал. Бірақ ол қалай жүзеге аспақ? Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің бастамасымен өткен "Қазақстан халқына" қоры басшысы мен үкіметтік емес ұйым жетекшілерінің кездесуінде осы секілді көптеген ұсыныстар айтылды. Тілшіміз тарқатады.

Бүгінгі бас қосуда негізінен азаматтық сектордың пікірі тыңдалды. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсететін қор жетекшісі орталыққа кәсіби мамандар қажет дейді. Оларды оқытуға үкіметтік емес ұйымның шамасы жоқ.

Ботагөз СҰЛТАНОВА, "БАҚЫТТЫ ШАҢЫРАҚ" ҚОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Үйінде мүгедек бала бағып отырған ата-аналарды өзімізге қажетті мамандыққа оқытқымыз келеді. Себебі біз арнайы мамандарды шақыра алмаймыз. Олар қызметі үшін көп ақша сұрайды. Өз ата-анамыз болса, балалар да жатырқамас еді.

Ал, жоғалған жандарды іздеумен айналысатын ұйым өкілі аутизм, деменция, альцгеймер ауруына шалдыққан балалар мен ересектердің қолына арнайы білезік тағу туралы бастама көтерді. Қоғам белсендісінің айтуынша, жоғалып кетсе, оларды қолындағы білезікпен тез табуға болады. Қор басшысы егер ата-аналар қарсы болмаса, бұл идеяны жүзеге асыруға қолдау білдіретінін айтты.

Ләззат ШЫҢҒЫСБАЕВА, "ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА" ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Көптеген ұсыныстар болды. Оңалту орталықтарының құрал- жабдықтарын алып беру деп жатты. Өзіміздің мүмкіндігі шектеулі азаматтарымыз болған соң, олардың жағдайларын жақсарту үшін оның көмегін біз бастап кеттік, беріп жатырмыз, көмектесіп жатырмыз, жобалар ретінде қарастырамыз. Әр ұсыныс жайдан жай қалмайды.

Қор қызметкерлері халықтан жиналған талап-тілектерді талдап, қордың концепциясын жасаймыз дейді. Айта кетейік "Қазақстан халқына" қоры тамыр патологиясы бар балаларға медициналық көмек көрсету үшін 20 млн теңге, көз аурулары бар пациенттер еміне 373 млн теңге бөлген. Бұдан бөлек сирек кездесетін сырқаты бар жандардың қымбат дәрісіне 8,6 млрд теңге қарастырыпты.

Г. Сейтенова