Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

«AMANAT» партиясы Маңғыстау облысындағы 240 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарды

AstanaTV
25.08.2022ж. 20:00
2072
«AMANAT» партиясы Маңғыстау облысындағы 240 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарды

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов Маңғыстау облысында жұртшылықпен, ауыл тұрғындарымен, бірқатар кездесулер өткізді. Өңірдегі басты мәселе - жер тапшылығы. Бұқара төрт түлігін жаятын жер таппай отыр.

Ауыл ақсақалдары елді-мекенде төрт түлікке жер қалмағанын айтады. Жақын маңдағы жайылымдардың меншік иелері, жергілікті халықтың мал жаюына рұқсат етпейді деді. Сондықтан жайылымдардың аумағын кеңейту мәселесі өңірде өзекті болып отыр. Мәселені бұқара аймаққа жұмыс сапармен келген партияның атқарушы хатшысы Асхат Ораловқа жеткізді.

Амангелді ЖҮНБАСОВ, ТАУШЫҚ АУЫЛЫНЫҢ АҚСАҚАЛЫ:

Ауылдан шығатын қойдың жайылатын жері жоқ. Мал жайылатын жерге барса ана адам қуады. Мынау менің жерім деп. Осы біздің жерімізді кеңейтіп беріңдерші. Таушық халқының сұрайтыны сендерден сол.

Бақтыгерей ТӨЛЕШОВ, ТАУШЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жайылым бағыты біз үшін өте өзекті болып тұр. Пайдаланбаған жерлер кейін қарай қайтарылып мемлекетке, сосын өзінің кезегімен тікелей осы ауыл шаруашылығымен айналысамын деген тұрғындардың, әсіресе жастардың ауыл шаруашылығымен айналысуына мүмкіндік жасауға қайтару керек деп есептеймін.

«AMANAT» партиясы ауыл тұрғындарын алаңдатқан мәселені шешуге білек сыбана кірісіп кеткен. Бүгіннің өзінде өңірдегі 240 мың гектар жерді мемлекетке қайтаруға күш салған.

Асхат ОРАЛОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

"Аманат" париясы білесіздер енді Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі ретінде осы Жаңа әділетті Қазақстанды құру жұмысына белсенді атсалысып келе жатыр. Президенттің пайдаланбай жатқан жайылымдық жерді мемлекетке қайтару деген тапсырмасы бар. Ол қазір орындалып келе жатыр. Соның бір дәлелі міне "Жер аманат" комиссиясының жұмысы. Екі айдың көлемінде 350 мың гектар қайтарылса, Маңғыстау облысында 240 мың гектар мемлекет меншігіне қайтарылады.

Өз кезегінде, мәжілісмен Еділ Жаңбыршин арнайы құрылған комиссияның нәтижелі жұмыстарына тоқталды. Сегіз өңір бойынша мемлекет меншігіне ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылғанын атап өтті.

Еділ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Қай ауылға қай ауданға бармайық, үлкен мәселе жер деп көтереді ел. Осы мал жайылатын жер жоқ, партия осы мәселені мұрындық болып қолына алып, бас прокуратура бар, ауыл шаруашылық министрлігі бар, жер комитеті бар, қоғам белсенділері бар солардың басын біріктіріп Жер аманат комиссиясын құрып осы мәселеге кірісіп жатыр.

Ауыл шаруашылық министрінің орынбасары, жер игілікке, пайдаға жарау керек дейді.

Әбілхайыр ТАМАБЕК, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Жер бос жатқаннан ешкім ұтпайды. 87 гектар жеріміз бос жатыр. Бұны жұмыс істейтін азаматтар алу керек. Кім жұмыс істейді керісінше ауыл болып, қоғам болып сондай азаматтарға мүмкіндік жасауымыз керек.

Бұдан бөлек, «AMANAT» партиясы Маңғыстау облысының жұртшылығымен, ауылдық округ тұрғындарымен және бастауыш партия ұйымдарының басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді. Сондай-ақ партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында салынып жатқан әлеуметтік нысандар құрылысының барысын тексерді. Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылында 600 орындық жаңа білім ошағы биыл пайдалануға беріледі. Ауылда үш ауысымда білім беру және балаларды өзге ауылдардың мектептеріне алып барып отыру мәселесі шешіледі. Сондай-ақ, Асхат Оралов Ақтау қаласының 19А шағын ауданындағы 432 пәтерлік көп қабатты үйлердің құрылысымен танысты. Нысан құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, тұрғын үй кезегінде тұрғандарға, соның ішінде халықтың осал тобына бөлінеді.

А. Базарбай