Қостанай облысында өрттен зардап шеккен тұрғындарға өтемақы төленбек. Бұл туралы Президенттің аймаққа сапары барысында белгілі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына барды. Өртті сөндіру жөніндегі жедел штаб отырысын өткізді. Болған жағдайдан тиісті сабақ алу қажет екенін атап өтті. Бірқатар нақты тапсырма жүктеді. Президент үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған адамдарға толыққанды қолдау көрсетудің маңызды екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мәселенің аса күрделі екені түсінікті. Сондықтан Үкімет пен Президент Әкімшілігіне тиісті тапсырмалар бердім. Өртті тоқтату үшін қажетті шаралар қабылданды. Осыған орай, барлық ресурсты дереу жұмылдырдық. Қостанай облысына басқа аймақтардан техника мен қажетті мамандар уақытылы жеткізілді. Төтенше жағдай министрлігіне Ішкі істер және Қорғаныс министрліктері, Ұлттық ұлан көмекке келді. Бұл жұмысқа Орман шаруашылығы мен орман күзетінің жұмысшылары және теміржолшылар тартылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өрттің шығу себебін анықтау қажет екеніне назар аударды. Тілсіз жаумен күресіп жатқан барлық азаматқа ерлігі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, орман өртінен зардап шеккен тұрғындармен кездесті. Әулиекөл ауылындағы гуманитарлық көмек тарату пунктіне де ат басын тіреді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Өкінішке қарай, үлкен өрт болды. Дегенмен тиісті көмек көрсетіледі. Сіздердің баспанасыз қалғандарыңызды білемін. Үкімет екі, екі жарым айда сіздерге бұрынғыдан әлдеқайда жақсы жаңа үйлер салып береді.
Т. Әлжанов