Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Қостанай облысында тілсіз жаудан 91 үй жанып кеткен

AstanaTV
05.09.2022ж. 20:00
1500
Қостанай облысында тілсіз жаудан 91 үй жанып кеткен

Дүйім жұртты дүрліктірген Тобылдағы дала өрттің беті қайтар емес. Өңірде жалынды ауыздықтау жұмыстары әлі жүріп жатыр. Тілсіз жаудан барлығы 91 баспана күлге айналған. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, апатты ауыздықтауға 224 бірлік техника мен 7 әуе кемесі жұмылдырылды.

Облыс бойынша 108 нысан өртке оранған, оның 91-і баспана. Озерный ауылында 6, ал Аманқарағай ауылында 86 үйді өрт шарпыды. Көпбалалы отбасы 20 жылдан аса осы үйде тұрып, жақын орманнан нәпақасын тауып, күнін көріп жүрген. 1-ақ күнде барлығынан айырылған Сақан ананың бүгінгі көріністен соң сағы сынды.  

Сақан УСАБЕКОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:

5 бала осы үйде өскен. Осылай дымы қалмай жанып кетті. Үйден алып шыққанымыз документ, телевизор. Ескертті кеше кетіңдер деп сонда ғана білдік өрт болып жатқанын. Жұмыс жоқ, леспен күн көріп отырдық. Веник істедік, грибы саттық. Енді орны толар. Үкімет бізді далаға қалдырмас деп ойлаймыз.

Ауыл жұрты Әулиекөл ауданы бойынша үш пунктке орналастырылған. Тұрғындардың жағдайымен танысқан аймақ басшысы азаматтарға тиісті көмек көрсетілетінін  айтты.

Архимед МҰХАМБЕТОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Облыс әкімдігі демеушілік есебінен 820 млн теңгеміз бар. Тағы қаржы қажет болса, тағы бөлеміз. Мысалы Аманқарағайда 1 үй бірақ 3-4-ке бөлінген. Үйдің орташа көлемі 40-50 шаршы метр. Біз оларға 100 шаршы метр үй салып береміз жаңадан. Электр қуатын қосып береміз, газ қосып береміз, газдандырылған Әулиекөл мен Аманқарағай ауылында. Су қосып береміз.


Эвакуацияланған бұқара қазір жергілікті мектептер мен интернаттарға орналастырылған. Ондағы жағдайды мемлекет басшысы өзі арнайы барып көріп қайтты.

БЛИЦ:

- Бүгін Президентіміз келіп, жағдайдың барлығын сұрады. Көмегін береміз деді. Сол үшін рақметімізді айтамыз.

-  Баспанасыз қалған, дүниесіз қалған барлығына көмек береміз деп айтты. Енді сеніп отырмыз ол кісі айтқасын енді көмектеседі ғой деп.

- Президентпен кездестік. 2 жарым айдың ішінде жаңа баспана салынатынын айтты. Барлығы жақсы болады деді. Қолдау көрсетіледі деді.


Қазіргі уақытта Бағаналы мен Лесное ауылдарының тұрғындарына төнген қауіптің беті сейілді. Ауылдан 3-4 шақырым жердегі ормандағы өртті ауыздықтау үшін бірқатар күш-құралдары мен қажетті техника топтастырылды.

Юрий ИЛЬИН, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:

Апатқа қатысты адам факторын жоққа шығаруға болмайды, өйткені өрт алдындағы күндері найзағай түсу сияқты табиғи құбылыстар байқалған жоқ. Сондықтан әртүрлі нұсқалар қарастырылатын болады.

Мерей ҚАЛИАСҚАР, ТІЛШІ:


Жалпы өрт салдарынан күйік шалған 10 адамның алтауы үйіне қайтарылды, төртеуі дәрігерлердің қарауында ауруханада жатыр. ІІМ осы алапат өртке қатысты бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғады.


Қ. Мерей