$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Көктөбедегі өртке қатысты жаңа деректер пайда болды

AstanaTV
07.09.2022ж. 20:00
2159
Көктөбедегі өртке қатысты жаңа деректер пайда болды

Алматыда ағаштарды өртеген адам ұсталды. Кеше қас қарая Көктөбе маңында да өрт шыққан болатын.  Мамандар саябақтағы демалушыларды шұғыл эвакуациялады. Өрт сөндірушілер мен өзара әрекеттесу күштері қызыл жалынды ауыздықтауға жұмылды. Төтеншеліктердің дерегінше құрғақ шөп жанған.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Көпшілік Көктөбеде от тұтанғанынан әлеуметтік желі арқылы хабардар болды. Сол маңда тұратын халық жалынның жайылып бара жатқанын айтып дабыл қақты.

Алматының ең көрікті жерлерінің бірі – Көктөбе маңының бүгінгі жағдайы осындай. 3 гектар жер өртеніп кеткен. Дегенмен, мамандар қазір қауіп сейілгенін айтады. Саябақтың жұмысы да қалпына келген. Дегенмен өртті сөндіруге таулы жер, желдің күшеюі және қараңғы уақыт кедергі келтірген.

Қалалық төтенше жағдайлар департаменті құрғақ шөптің жанғанын айтты. Мамандардың шұғыл әрекеттері нәтижесінде 1 сағатта отты өшірген. «Көктөбе» бақылау алаңы мен саябағына оттың таралуына жол берілген жоқ»,- дейді мамандар. Полиция қызметкерлері саябақтағы демалушыларды дереу эвакуациялауға кіріскен. Зардап шеккендер жоқ.

Әлеуметтік желі пайдаланушылары бұл жағдайды қолдан жасалған қастандық деп топшылады. Олай деуге негіз бар. Себебі, желіде өртке жақын жерде белгісіз біреулердің от жағып тұрған видеосы тарап кетті. Бостандық аудандық полициясы видеоға түсірілген жерді анықтады. Көпшілікке күдік ұялатқан адамды да тапты.  

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Бейнекамералар мен куәгерлік айғақтардың көмегімен Бостандық ауданындағы өрт орнында күдікті ер адам анықталды. Бұл - 1968 жылы туған азамат. Ол от жаққанын мойындады. Ер адам мас күйде болғанын және консервілерді жылытқысы келгенін айтқан, бірақ өрт бұталарға өткен, сол кезде ер адам қорыққанынан оқиға орнынан кетіп қалған. Оқиғаның мән-жайы анықталатын болады.

Дейтұрғанмен полиция қаскөйдің жазасы қандай болатынын нақтыламады. Мән-жайды анықтаймыз деп қысқа қайырды.
 
Мамандар таулы-орманды жерлерде қазір өрт қаупі жоғары екенін еске салады. Сондықтан демалушыларға от жағуға, темекі шегуден бас тартуды сұрайды. Заңға сәйкес, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда өрт қауіпсіздігін бұзғаны үшін жеке тұлғаларға салынатын айыппұл сомасы 300 мың теңгеден асады.

М. Жақан