Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Түркия парламенті тиісті шешім шығарса, бүлікшілерге өлім жазасы кесілуі мүмкін

AstanaTV
18.07.2016ж. 20:00
3023
Түркия парламенті тиісті шешім шығарса, бүлікшілерге өлім жазасы кесілуі мүмкін

Түркиядағы әскери көтерілісті ел президенті Режеп Тайып Ердоғанмен байланыстыру - халықты арандату амалдары. Бұндай пікірді Түркияның Қазақстандағы елшісі Невзат Уянык білдірді. Дипломат бауырлас Қазақстан халқын бұндай ақпаратқа сенбеуге шақырады. Ол болған оқиғалар Фетхулла Гүленнің Түркия әскерінің сабындағы жақтастарының әрекеті екеніне нық сенімді. Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев түрік халқына көңіл айтып, ел президенті атына жеделхатын жолдады.

Түркияда қаза тапқандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Сыртқы істер министрлігі өкілдері осылай деп отыр. Қазір олардың алғашқы легі елге жетіп үлгерді. Сол күні қанды оқиғаны көзімен көрген отандастарымыз болыпты.

Таксимде халық ереуіл демократияны қорғау үшін көшеге шықты ғой. Біз сол көшеде қалып қойдық. Сол кезде әскерилер бейбіт тұрғындарға оқ жаудырып, біздің алдымызда үш кісіні ме, атып тастады. Екеуі өліп қалды, біреуі арқасынан жараланды, оны алып кетті.

Түркияның көтеріліс шарпыған қалаларында қарбалас болса, кей аймақтарында жағдай қалыпты дейді демалыстан оралғандар.

Анатолий Шматов, турист /Новосібір/: 

Сидэде таңертеңнен ресейлік арналар ажыратылды. Кешке қарай таныстарымыз қоңырау шалып, «бәрі жақсы ма» дей бастаған соң ғана, түркиялық арнаны қосып, не болып жатқанын білдік. Біз демалған ауылда барлығы тыныш, оқиғаға бола қарбаласып жатқан түріктерді де көрген жоқпыз.

Түркияның біздің елдегі елшісінің сөзінше, туристтердің өміріне қазір еш қауіп жоқ. Жолдама алып қойған азаматтарды ақпараттық қолдау орталықтары құрылған. Ал билік қолына түскен бүлікшілерге қатысты Түркия үкіметі әлі нақты шешім қабылдаған жоқ. Бірақ қоғамда оларға қатысты жазаны қатаңдатып, тіпті өлім жазасын кесу де сөз болып жатыр.

Невзат Уянык, Түркияның Қазақстандағы елшісі:

Соңғы оқиғалар террористердің қаншалықты қатыгез болатынын тағы бір көрсетті. Өлім жазасын қайтару қазір елімізде барлық деңгейлерде кеңінен талқыланып жатыр. Көтерілісті Фетхулла Гүленнің ізбасарлары жасағаны анық. Түркия үкіметі бүгінге дейін достас мемлекеттерге аталмыш террорлық ұйымның болмысы мен Гүленнің шынайы келбетін түсіндіру амалдарын жасап келді.

Түпкілікті мақсатына жетпеген қанды оқиғадан соң, ел ішінде де, елдің сыртқы саясатында да бірқатар өзгерістер болуы мүмкін. Сарапшылар Ердоған билігі әскер қатарын «тазартады» деген болжам жасап жатыр. Олар бүліктің бас себепшісі Фетхулла Гүленді Анкараның қолына бермей отырған Американы дос қатарынан сызып тастауға барын да мәлімдеді.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ