$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Шет ауданының бірнеше ауылы әлі күнге жарық пен суға жарымай отыр

AstanaTV
08.09.2022ж. 20:00
2992
Шет ауданының бірнеше ауылы әлі күнге жарық пен суға жарымай отыр

Қарағанды облысының Шет ауданындағы Нұраталды елді-мекеніне қарасты бірнеше ауыл тұрғындары сығырайған жарық пен сыздықтаған судан әбден мезі болған. Жарық қайта- қайта сөне береді деді. Ал ескі ұңғымадан шыққан су үйлерге жетпейді. Жылдар бойы жергілікті монополист пен әкімдіктердің табалдырығын тоздырғанмен мәселелері шешілмей келеді. Амалы таусылған жұрт «Amanat»партиясының көмегіне жүгінді. Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің өкілдері ауыл тұрғындарымен кездесіп қайтты.

Жексен Әбдірахманов жасы егделеген шағында отбасымен Шопа ауылына көшіп келіп, мал өсіріп, аққа кенелгісі келген еді. Сауын аппаратын да сатып алды. Алайда электр қуатының нашарлығынан шаруасын дөңгелете алмай отыр.

Жексен ӘБДІРАХМАНОВ, ШЕТ АУДАНЫ ШОПА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мінеки, менің қорамда 12 сиыр сауып алуға дайындағам сауын аппаратын. Сауын аппарат тарта алмайды. Қолмен сауып отырмыз осылай бізде қазір сүт аз.

Ауыл тұрғындарының айтуынша жарық күнде сөнеді. Бар болғанның өзінде кешке тіпті сығырайып қалады.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Мынау трансформатор шамамен 60 жылдар бері тұр. Оның күші Шопа ауылының небәрі 32 үйін электр тоғымен қаматамасыз етуге жетпейді. Жарықтың қайта қайта сөнуінің себебі осында. Оның үстіне электр сымдары да әбден тозған.

Ток кернеуінің тұрақсыздығынан жұрттың талай тұрмыстық техникасы жанып кеткен. Еркебұлан Нұрғали күйіп кеткен теледидарының несиесін төлеп үлгермепті.

Еркебұлан НҰРҒАЛИ, ШЕТ АУДАНЫ ШОПА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына телевизорға 2 жыл болды жанып кеткен. Мына телевизорға бір жыл болды. Бұл да үлкен телевизор, оның кредитін әлі төлеп отырмын, біткен де жоқ, тілейтініміз токты дұрыстаса ток қой бізге керегі.

Шопадан басқа Нұраталдығы қарасты тағы 4-5 ауылда жарық сығырайып жанады. Ауданды электр тогымен қамтитын «ШетЭнерго» серіктестігі халықтың өтінішін орындамай келеді. Тіпті жергілікті әкімдікті де пысқырмайды дейді бұқара. Амалы таусылған жұрт «Amanat» партиясының көмегіне жүгінді. Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің өкілдері, ауылға барып жағдайды көзбен көріп, тұрғындардың жанайқайын тыңдады.

Дәурен КӘРСЕМБАЕВ, ШЕТ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Аудан әкімдігі тарапынан, ЖКХ бөлімі тарапынан тиісті қағаздар берілген болатын. Әр кәсіпкер жыл бойы өзінің тиісті жұмыстарын жасау үшін жоспар құрады. Сол жоспарға сәйкес оның орындалысы туралы ақпарат бізге бүгінгі күнге дейін әлі түскен жоқ. Халықтың да үлкен үміт артып осы «Amanat» партиясы өкілдеріне келіп айтып отырғаны республика көлемінде бұл мәселені шешуге ықпал жасау керек.


Азамат БІРЖАНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІ МЕҢГЕРУШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

«Amanat» партиясы бұл мәселені республикалық деңгейде көтереді. Өзіңізге белгілі біз республикалық мобильді қоғамдық қабылдау арқылы бүкіл республиканы аралап шықтық.  Әр мәселе көтеріліп жатыр. көп мәселелер жаңағы монополистерге байланысты. Монополист халықтың игілігін қарау керек. Өйткені ақша алып отыр ғой ол, свет үшін ақша алып отыр. Ақша алып отырғандықтан светтің сапасын да жақсартуы керек. Осы жұмыстарды депуттаттар тарапынан, «Amanat» партиясы тарапынан, министрлік тарапынан бірлесіп жұмыс жасаймыз.

Нұраталды ауылында су да тапшы. Ботагөз Тойымбетова бізге қурап қалған бау- бақшасы көрсетті. Ол ол ма, ауылдықтарға жуынудың өзі мұң.  

Ботагөз ТОЙЫМБЕТОВА, ШЕТ АУДАНЫ НҰРАТАЛДЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осылай толтырып аламыз, кешке 5- ке қарай су тоқтап қалады. Үйде туалат, ванна бәрі бар. Оны қолдана алмаймыз. Бір шайынайын, жуынайын десең тоқтап қалады. Таңертең 9-10 ға қарай әзер келеді. Қысы жазы осы.

Азамат БІРЖАНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІ МЕҢГЕРУШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Су мәселесін біздің депутаттарымыз, «Amanat» партиясының депутаттары қолдап отыр. Бюджеттен ақша бөлінеді, ПСД жасалады, экспертиза өткеннен кейін мердігер табылып бұл мәселе келесі жылы шешімін табады деп біз білеміз, сенеміз.
 
Мобильді қоғамдық қабылдауға келген ата- аналар мектеп автобусын беруді сұрады. Нұраталдыға бірнеше ауылдан келіп оқитын 30 бала кішкентай газелге қыстырылып әрең сияды. Оқушылардың қауіпсіздігін мектеп басшылығы да, білім бөлімі де ескермеген. Шет ауданының әкімдік өкілдері мәселені шешуге уәде берді.Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің өкілдері соңғы 6 айда 800-дей ауылды аралап, 7 мыңға жуық азаматтың өтінішін жинаған.  

А. Қуаш