$540 €630.72 ₽6.72
×

Қауіпсіздік шаралары күшейтілді

AstanaTV
18.07.2016ж. 20:00
Қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Алматыдағы атыстан соң, еліміз бойынша қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Террорлық қауіптіліктің сары деңгейі күні кеше ғана тағы бір айға созылғаны белгілі. Ал Ішкі істер министрлігі мегаполистегі атыс кезінде 4 адамның қаза болғанын ресми түрде растады. Тәртіп сақшылары қылмыскермен қарулы қақтығыс кезінде жарақат алып, ауруханада көз жұмған. Біреуі - бейбіт тұрғын. Қылмыскер оның көлігін тартып алу кезінде оққа ұшқан. Қару асынған адам ұсталды. Ал ел бойынша көптеген өңірлерде қару-жарақ дүкендері жабылды. Күзеті күшейтілді. Айгүл Әдепбай хабарлайды.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Алматыдағы жағдайдан соң Ақтөбе облысының құқық қорғау органдары күшейтілген режимге көшті. Лаңкестердің тонауына түскен Пантера мен Паллада қару-жарақ дүкендері әлі жабық жатыр. Қауіпсіздік шаралары арттырылды. Бұл туралы Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз релизі Алматыдағы болған жағдайға орай Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаментінің жеке құрамы күшейтілген қызметке көшті. Барлық мемлекеттік және стратегиялық нысандарда күзет арттырылды. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін және адам көптеп шоғырланған жерлердегі азаматтардың қауіпсіздігін сақтау үшін, полиция нарядының саны көбейтілді. Барлық қару-жарақ дүкендері жабық және полицияның қатаң бақылауында.

Қазір Ақтөбедегі сапаржай мен әуежайда қауіпсіздік шаралары күшейтілгенмен, халық арасында толқу жоқ. Барлық сапарлар қалыпты режимде өтіп жатыр. Ал Ішкі істер министрлігі қылмыскердің бұрын істі болған адам екенін мәлімдеді.

Олег Иващенко, ҚР ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департаменті директорының орынбасары:

Қылмыскердің кім екені белгілі. Ол бұған дейін сотталған, 27 жасар Қызылорда облысының тумасы. Құқық қорғау органдарында оның өткен демалыста адам өлтіргендігі туралы болжам бар.

Шығыс Қазақстанда да қару-жарақ сататын сауда желілері жабылған. Маңайын полиция наряды торуылдап жүр. Қалада жағдай тұрақты болғанымен, тәртіп сақшыларының қарасы көп. Телеарналардағы техникалық үзілістен болар, Алматыдағы атыстан түске дейін халықтың көбі бейхабар еді. Ал жағдайды естіген жұрт қауіпсіздікке алаңдаулы.

Енді бұл өте қиын жағдай. Осындай бейбітшілік уақытында, осындай нелер істеп жақаны өте қиын.

Сонда мына ішкі істер органдары неменеге қарап отыр? Кімді бақылап отыр? Елді, халықты қорғайтын соларды ата беретін болса, сонда бізді кім қорғайды?

Ел аумағында терорлық қауіптің сары деңгейі сақталып отырғандықтан, Астанадағы ішкі істер қызметкерлері де халықты сақтыққа шақырды.

София Қылышбекова, Астана қалалық ІІД баспасөз хатшысы:

Қазіргі кезде қоғамдық тәртіп Астана қаласында қоғамдық тәртіп сақтау жіті бақылауда. Лаңкестік қауіпсіздіктің сары деңгейі жалғасуына байланысты, полиция қызметкерлері тексеріс кезінде, азаматтарды олардың тексерістеріне түсінікпен қарап, сонымен қатар мұқият болуға шақырамыз.

Халық көп шоғырланған жерлерге бармауға, күдікті зат не адам көрсе, ішкі істер органдарына хабарласуды сұрайды.

Айгүл ӘДЕПБАЙ