Елде Президент реформаларын қолдайтын жалпыреспубликалық қоғамдық қозғалыс құрылды. Жаңа бірлестік -белгілі қоғам қайраткерлері мен саясаттанушылардың, зиялы қауым өкілдерінің бастамасы. Бүгін олардың қатысуымен Алматыда баспасөз жиыны өтті. Отырыста қоғамдық қозғалыстың мақсат-міндеттері таныстырылды. "Бірлестік үгіт-насихат үшін емес, процестерге қатысу үшін құрылған, басты идея – мемлекет басшысының реформаларын қолдау" дейді қозғалысты құрушылар.
Ақберен ЕЛГЕЗЕК, ҚР ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Әділетті Қазақстан құру идеясы сөзден нақты іске көшті. Сол себептен бұл кешенді істерге қоғамның барлық өкілдері жұмыла атсалысқан қажет. Жақында білесіздер, Президент өзінің Жолдауын жасады. Жолдауда еліміздің ұзақ және қысқа мерзімдегі болашағы айқындалды.
Қоғамдық қозғалысты құру жөніндегі бастамаға мәдениет және спорт қайраткерлері мен бизнес өкілдері қолдау білдірген. Олар Президенттің 1-ақ рет 7 жылдық мерзімге сайлануы өте маңызды шешім екенін айтады. Соның нәтижесінде суперпрезиденттік басқару формасынан түбегейлі арыламыз дейді.
Азаматхан ӘМІРТАЕВ, «БАЙТАҚ» ЖАСЫЛДАР ПАРТИЯСЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Президенттің осы сайлауды өткізу жайында, сонымен қатар бір мерзімге Президент жеті жылға деген осы бағытты біз қолдаймыз, дұрыс деп санаймыз. Біз мемлекеттік басқару ісіне халықтың қатысу тетіктерін жасаймыз деді. Қазір міне Парламенттік сайлауда мажоритарлық жүйемен мәслихатқа т.б-ға сайланады. Ол нақты іс қой. Айтылған сөз іспен жалғасып жатыр.
Ә. Лесбек