Батыс Қазақстан облысында кейбір мектептің оқушылары интернатта және мәдениет үйі мен әкімдік ғимаратында білім алуға мәжбүр. Себебі, олар оқитын ғимарат жаңа оқу жылына дайын болмады. Яғни, ондағы жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталмаған. Өңірде құрылысы бітпей тұрған мектептер де бар. Толығырақ тілшіміз Еркін Карин айтады.
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
Жоспар бойынша бұл жерде 400 орындық жеке мектеп салынуы тиіс еді. Арада үш жыл өтсе де, жоспар сол күйінде қалып, тек іргетасы құйылды. Қазір құрылыс тоқтап тұр, айналада тірі жан көрінбейді.
Қазір оқушылар басқа мектептерге қатынап оқиды. Амалы таусылған жергілікті шенеуніктер енді білім ордасын мердігерден кері қайтарып алып, керек қаржыны республикалық бюджеттен сұрамақ. Бүгінде жұмыстың тек 4% орындалған. Мамандар мұны құрылыс материалдарының қымбаттағанымен байланыстырады. Орта есеппен баға 20-30 пайызға өскен.
Александр ҚАРАҒОЙШИН, «ҚАЗАҚСТАН ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ОДАҒЫ» БҚОФ ДИРЕКТОРЫ:
Құрылыс материалдары едәуір өсіп кетті. Металлдың бағасы сметалық жобаға 240 теңгеден салынатын еді. Қазіргі таңда 430 мың теңге. Цемент бір тоннасына 25-27 мың теңге болатын еді. Қазіргі таңда 33 мың теңге тоннасына. Осы мәселелер күрделі проблемалар болды құрылыста.
Бұл аздай, өңірде күрделі жөндеуден өтіп жатқан 12 мектепте биыл қоңырау соғылмады. Солардың бірі – қазақ даласындағы тұңғыш мектеп - Бөкей ордасы ауданында орналасқан Жәңгір хан атындағы білім ордасы. Кірпіші үгітіліп, іргетасы мүжілген ғимарат екі жылдан бері жөнделіп жатыр. Облыстың басқа аудандарында да бес-алты жылдан бері жөндеуі бітпеген мектеп жетерлік.
Клара МЕҢДІҒАЛИЕВА, БҚО БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Былтыр конкурстық процедуралар басталып, мердігерді анықтау бойынша жергілікті бюджеттен 20 миллион теңге бөлінді. Мердігерді анықтадық. Жұмыстар өте баяу жүргендіктен, осы жылға ауысты. Бөкей Ордасындағы Жәңгір хан мектебі талон бойынша 1-ноябрьде біту керек жұмыстары.
Енді ауыл балаларының Мәдениет үйі мен әкімдік ғимараттарында оқудан басқа амалы жоқ. Бұған қоса, облыста апатты жағдайдағы 6 білім ордасы, үш ауысымда оқитын 8 мектеп бар. Тозығы жетсе де, апатты деп танылмаған ғимарат та аз емес.
Е. Карин