$540.84 €634.46 ₽6.43
×

Алматыда шұңқырға құлап көз жұмған 4 жасар баланың туыстары әділдік іздеп жүр

AstanaTV
14.09.2022ж. 20:00
Алматыда шұңқырға құлап көз жұмған 4 жасар баланың туыстары әділдік іздеп жүр

«Әділ жаза сұраймыз». Алматыда жерасты суына лық толы шұңқырға құлап кетіп, көз жұмған 4 жасар баланың туыстары  арнамызға хабарласты.  Рамазан Абзалұлы осыдан төрт ай бұрын қараусыз қалған құдыққа құлап мерт болған.  Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалса да, кінәлілер әлі жауапқа тартылған жоқ дейді оның жақындары.

Тұңғыш ұлын жер қойнына тапсырған ананың жүрегі қан жылайды. Әйгерім Ошақбаева сол күнді әлі ұмыта алар емес. Марқұм Рамазан, 9-шы мамыр күні үйінің жанындағы мына шұңқырға құлап кеткен.  Үлкендер жетем дегенше, тұншығып көз жұмған. Бұған қатысты қылмыстық іс қозғалған.  Бірақ тергеу әлі жүргізілмеді дейді.  
 
Әйгерім ОШАҚБАЕВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:
 
Сол фирманың өкілдері біздің үйге келді. Біз жаңағы моралдық шығынды өтесек дегендей. Одан кейін міне әлі ешкімнен ешқандай хабар жоқ. Неге күдікті анықталған жоқ әлі күнге дейін. Неге мені жәбірленуші ретінде ешқайда шақырған жоқ. Яғни осы іс осымен жабылып қала ма деп уайымдап отырмын.

 
Бұл шұңқыр кәріздік  станция салу үшін қазылған көрінеді.  Ол ашық-шашық жатқан, бала өлгеннен кейін бір жарым айдан соң ғана   айналасы қоршауға алынды дейді Әйгерім Ошақбаева.

Әйгерім ОШАҚБАЕВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:


Неге контрольға алмайды олар. Бұның ашық тұрғанына суды қазғанына 1 жылдай уақыт болды ғой. Әділдік болғанын қалаймын мен. Кім кінәлі солар жауапқа тартылсын.  

 
Анна ТУЛОВСКАЯ, ҚОРҒАУШЫ:

Жерді қазып ашық тастап кеткен жауапты заңды тұлғалардың тізімін айтатын болсам. Олар,  бас мердігер «Нұрай Строй Компаниясы», орындаушы мердігер «Зи-Дан» және қосалқы мердігер «Глобал Ресурс». Мекеме өкілдерінен әлі де жауап алынбады. Тергеуге шақыртылмаған.


Ал Полиция департаменті қылмыстық істің жіті тергеліп жатқанын хабарлады.

Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Аталмыш дерек әлі де тергелу барысында. Бүгінгі таңда қылмыстық кодекстің 277-ші бабының 2 тармағы бойынша қозғалған қылмыстық істің аясында барлық тиісті сараптамалық зерттеулер және қылмыстық іс жүргізу кодексімен көзделген процессуалдық әрекеттер жүзеге асырылуда. Кінәлі адамдар міндетті жазаларын тартатын болады.


Шұңқырды қазғандармен біз хабарласа алмадық Телефон тұтқасын көтермеді. Ал әкімдіктегілер бұл мәселеге қатысты ақпарат  берген жоқ. Ресми хат жолдадық, жауабын күтеміз.

Ә. Лесбек