$516.01 €582.47 ₽6.26
×

Түркістан облысында жаңа мектеп жарамсыз күйде

AstanaTV
15.09.2022ж. 20:00
2272
Түркістан облысында жаңа мектеп жарамсыз күйде

Түркістан облысы Өндіріс ауылында су жаңа мектеп апатты жағдайда.  200 орындық  ғимараттың қабырғалары  қақырап, құлап жатыр. Ал елдімекеннің балалары  өзге мектепке автобуспен қатынап оқуға мәжбүр.  Мәселенің мән-жайын толығырақ тілшіміз Айзада Төребекқызы жеткізеді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

200 орындық бұл мектеп былтыр желтоқсан айында пайдалануға берілген. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту ретінде аудан әкімінің өзі салтанатты түрде лентасын қиып кеткен,- дейді ауыл азаматтары. Алайда содан бері бір күн де бала оқымаған. Себебі, жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр.    
 
Бұл бейнекөріністі тұрғындар түсірген. Қабырғалар қақ айрылып, бірнеше жерден жарылып тұр. Айтуларынша, Ақпарақ мектебінің барлық бөлмесі осындай.   

Маржан БАЙЫМБЕТОВА, ӨНДІРІС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Сонда мынау қабырға мен мына қабырға жерде құлап жатқан еді. Кейін ішіне кіріп көрдім. Мына қабырғаның астында фундамент болған жоқ. Фундамент жоқ мынаның астында. Сәл дұрыс соғылмаған ба, фундаменті сәл арыда, өзі беріде соғылған топырақтың бетіне.
 
Одан бері де қабырғалары қайта-қайта жарылыпты. Онысын гипсокартонмен жамап қойған дейді тұрғындар.  
 
Тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы нысанды былтыр қабылдап алған. Басқарма маманының айтуынша, кемшіліктер түзетілген.    
 
Ерлан БАЙКӨБЕКОВ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНДЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Экспорттың бір емес үш рет қорытындысы алынды.Енді сол эксперттің нәтижесіне қарап ары қарай жұмыс жүргізіліп жатыр.  
 
Ал аудандық білім бөлімінің басшысының айтуынша,  ауыл  балалары екінші тоқсаннан бастап осы мектепте оқиды.   
 
Асан ҮЙСІНБАЕВ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫ АДАМИ ӘЛЕУЕТТІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
 
Бұрын қабылдау актісі өткен кезде авариный жағдай боп танылған. Одан кейін қазір бізде эксперттің қорытындысы бар «ғимарат пайдалануға жарамды» деген. Соның аясында қазір тиісті құжаттары реттеліп жатыр.  

Бірақ елдімекен тұрғындары  "балаларымызды мұнда оқытпаймыз" деп отыр. Өйткені тасқын судың жолына салынған мектеп алғашқы қардан соң-ақ құлап қала ма деп қауіптенеді.
 
А. Төребекқызы