Қызылорда облысы Жалағаш ауданына қарасты Аққұм ауылында аурухана жоқ. Басы ауырып, балтыры сыздаған халық аудан орталығына қатынайды. Мұндай жағдай еліміздің біраз өңіріне тән. Қазір ауыл-аймақта мобильді қабылдау жүргізіп жатқан «AMANAT» партиясының өкілдері халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, мәселелерді оң шешуге атсалысуда.
Аққұм ауылында 2 мыңға жуық тұрғын бар. Олар ауырса, орталыққа жете алмай қиналады. Себебі, елдімекендегі аурухана жабылып қалған. Көпшілік, соның жұмысын қайта жандандырса деген ұсыныс айтты. Аққұмдықтар сондай-ақ, жол, көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.
Өміртай ӘБЖӘЛИЕВ, АҚҚҰМ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Ойымызда жүрген сұрақтарымызды сұрап, сұрағымызға жауап беріп, қанағаттанып, ризашылығымызды білдіріп жатырмыз. Жоғары жаққа ұсыныс береміз деп айтып жатыр енді.
«AMANAT» партиясы өкілдерінің айтуынша, бір ғана Қызылорданың өзінен 3 мыңнан астам өтініш түскен. Соның 2 мыңнан астамы оң шешімін тауыпты.
Азамат БІРЖАНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІ МЕҢГЕРУШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ауылдағы мәселелер жүйелі мәселелер, кешенді мәселелер. «AMANAT» партиясы «Ауыл аманаты» жанындағы «Жер аманаты» атты жобаларды үлкен ауқымды жобаларды іске асырып жатыр. міне, сол жобалардың түп тамыры осы мобильдік қоғамдық қабылдауларды зерделей келе шығып отыр. Бұған дейін қырық шақты ауылда қабылдау жүргізілген. Онда айтылған мәселелер назардан тыс қалмайды дейді аманаттықтар.
Мобильді қабылдау Батыс Қазақстан облысында да жүріп жатыр. Ондағы халықты әлеуметтік мәселелер алаңдатады. Мүгедектер ем-домын уақыты ала алмай қиналса, енді бірі үйіне газ өткізе алмай сарсаңға түскен. Өйткені үйге газ жүргізу құны жарты миллион теңгеге жуықтайды.
Гүлнар КЕНЕСАРИНА, АРАЛТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Сыртын төлейміз бе, ішін төлейміз бе? Ішіне-сыртына төлеу үшін 1 миллион ақша керек! Газ жоқ, тезектің өзі қымбат. Тезектің бір арбасын 20 мыңнан алып жатырмыз. Онда да әкелетін трактор да, трактористер де қазір бәрі жеке. Ешкім саған тегін әкелмейді. Мына жерге әкелу үшін 3 мң теңге ақша сұрайды.
Маржан СЕҢГІРӘЛИЕВА, АРАЛТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Сұрағанымыз - санаторий. Енді сол мәселені қойып, ала жаздай жүрміз жауабын ала алмай санаторийдің. +Бұл кісінің енді басынан өтпеген ауруы жоқ, енді бір өмірінде бірінші рет санаторийға апарғым келіп тұр.
Партиялықтардың араласуымен бұл мәселе де шешімін тапты. Қамкөңіл жандарға шипажайда ем алуға жолдама берілсе, газ өткізе алмай қиналған зейнеткерге жеңілдік жасалады.
Ардан АРАЛБАЙ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ОРТАЛЫҚ АППАРАТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІНІҢ КОНСУЛЬТАНТЫ:
Қабылдауға келген азаматтардың барлық мәселелері құзырлы органдарға жіберіледі және де көтерілген ешбір сұрақ жауапсыз қалмайды. Ол – партияның бастапқы міндеті. Біз сол себептен Аралтөбе ауылына келіп отырмыз.
Бұған дейін аманаттықтар 800 елдімекенде қоғамдық қабылдау өткізген. 7 мыңға жуық арыз-шағым жиналған. Көтерілген мәселелердің 26 пайызы сәтті шешімін тапты.
Е. Карин