Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Аманқарағайдағы өртенген үйлердің жер учаскелері мемлекеттік қорға өтеді

AstanaTV
19.09.2022ж. 20:00
1495
Аманқарағайдағы өртенген үйлердің жер учаскелері мемлекеттік қорға өтеді

Өртенген үй. Өксіген ел. Әулиекөл аумағындағы орман өртінің өшірілгеніне екі апта өтті. Алапат өрттен кейінгі Аманқарағайдың ахуалы қалай? Зардап шеккен тұрғындармен тілшіміз Заңғар Санай тілдесіп қайтты.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:


Тұсында тұмса табиғатымен, қарағайлы орманымен көз тартқан Аманқарағайдың қазіргі жағдайы осындай. Алапат өрттен 91 үй толық жанып кетсе, тағы 75 баспананың қора-қопсысы, моншасы мен гаражы отқа оранған. Он күннен бері жұртта қалған күл-қоқыс сыртқа шығарылып жатыр.

Павел Богдановичтің дүние-мүлкінен сау қалғаны осы мотоцикл ғана. Енді соған жұртта қалған ағаш-тақтай, темір терсек тиеп күнелтіп жүр. Бұған дейін эвакуация орталығын мекендеген отбасы, екі күннен бері жалдамалы пәтерге көшкен екен. 1 миллион теңге көлемінде материалдық  көмек алыпты. Қарын тоқ. Көйлек көк. Қысқа дейін жаңа баспанаға  көшерміз дейді, отағасы.

Павел БОГДАНОВИЧ, АМАНҚАРАҒАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Тағы өтемақы беріледі деп  жатыр. Азық-түлік, киім –кешек  жеткілікті. Оны тағы да береді деп естідім. Жаңа жылға дейін көмек көрсетіледі деп айтты.

Алапат өрттен ауыл тұрғыны Елена Ходас та зардап шеккенін айтады. Шеткері тұрған баспананың шатырын өрт шарпып, тауық қорасы күлге айналған. Жалғызбасты ана құрылысшылар жалдап, қарызға ақша алып үйін жөндетіп жатыр. Миллион теңгеден астам ақша жұмсаған. Әзірге әкімдік тарапынан ешқандай көмек көрсетілген жоқ дейді.

Елена ХОДАС, АМАНҚАРАҒАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен көмек күтіп отырмын. Үкіметтен. Әкімдіктен. Үйі жанып кеткендерге көмектесіп жатыр ғой. Біз де зардап шектік емес пе? Сондықтан үміттенем.

Ауылдық округ әкімі өрттен зардап шеккен  тұрғындардың түгеліне көмек көрсетіледі деп сендірді. Қажетті құрылыс материалдарының бірнеше түрі жиналған. Соны қорасы, моншасы, гаражы өртенген адамдарға таратып береміз дейді.

Байтемір ЫСМАЙЫЛОВ, АМАНҚАРАҒАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Нақты оларға көмек болады. Бізде қазір цемент бар. Монша, қорасы жанғандарған. Шеге, балға , балта, күрек бәрін береміз. Бізге қазір керегі енді тақтай. Мынадай профлист керек. Ауланы қоршауға. Көмек болады әйтеуір.Күзге шейін, қысқа дейін отын-көмір түсіріп береміз.

Әулиекөл ауданындағы 91 үйдің құрылысы қарқынды. Жаңа қоныстағы әр баспананың  жалпы аумағы 100 шаршы метр болады. Газ, тоқ, су толық өткізіледі. Жол салынады. Өрттен зардап шекккен отбасылардың бір тобы бұл маңға көшуге қарсылық білдірген еді. Кейін бәрі келісімін беріпті. Ал өртенген үйлердің учаскелері мемлекеттік жер қорына өтеді. Маңайына ағаш егіледі. 3-4 жылдан кейін үй салуға рұқсат берілуі мүмкін дейді округ әкімі.

З. Санай