Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қызылжарда халықтың күнделікті шығыны артқан

AstanaTV
20.09.2022ж. 20:00
1652
Қызылжарда халықтың күнделікті шығыны артқан

Қызылжарда халықтың күнделікті шығыны артқан. Статистика департаменті азық-түлік пен қызмет құнының өсімін сараптап, оның қарапайым тұрғындарға әсерін есептеді. Кейбір отбасылардың айлығы шайлығына да жетпейді. Кері статистика жайлы аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин әңгімелейді.  

Қарапайым отбасылардың күнделікті шығынын есептеп көрген статистика департаменті әр адамның ай сайынға шығыны 84 мың теңгені құрады, деген шешімге келген. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 10 пайызға ұлғайыпты. Шығынның негізгі бөлігі яғни бақандай 90 пайызы тұтыну шығыстарына тиесілі. Ал қалған азғантай бөлігі несие немесе басқа қосымша шығындарға кеткен.
 
Жұлдыз НҰРҒАЛИЕВА, СҚО ҰЛТТЫҚ СТАТИСТИКА БЮРОСЫ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Азық-түлік тауарларына жұмсалған шығыстар отбасы бюджетінің ең үлкен шығын бөлігі болып қалуда, яғни 45 пайыз. азық-түлік емес тауарларды сатып алу шығыстары 29 пайыз, ақылы қызметтерге жұмсалған шығыстар 15 пайызды құрайды.
 
Ал қарапайым тұрғындардың бұл статистикаға қатысты өз айтары бар. Халықтың шығыны 10 емес, 50 пайызға артты деп есептейді. Қазір ақша жинаудан да қалдық, дейді олар.
 
Елена СЫЗДЫҚОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұрын дүкенде 5000 теңгеге тамақ алатынбыз, қазір 10-15 мыңнан кем шықпайды. Қазір барлығы 1,5-2 есе қымбаттады. Ал табысымыз сол қалпы.
 
Любовь НИКОЛАЕВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жыл басымен салыстырғанда бағалар бірнеше есе аспандады. Мысалы, өткен айда манты келісіне 1400 теңге тұрса, қазір 1600 теңге. Қазір киім-кешекті мүлдем алып жүрген жоқпын. дәрі де қымбаттады. Айдың соңында зейнетақымнан бір тиын да қалмайды.
 
Финпром порталының мәліметіне сүйенсек, еліміздің төрт облысында қарапайым отбасылардың шығыны табысынан асып түскен. Алматы, Алматы облысы, Жетісу облыстарында бұл көрсеткіш 10 пайызға жетсе,  Түркістан облысында кері сальдо 5 пайыздың маңайында.

Ал сарапшылар азық-түлік пен қызмет құны көп жағдайда қолдан көтерілетінін айтады. Құзырлы орган тарапынан бақылау жоқтың қасы болған соң, алып-сатарлар ойдан келгенін істеп отыр, дейді.
 
Азамат БАЙМАҒАНБЕТОВ, ЭКОНОМИСТ:

Монополияға қарсы комитет негізгі тауарларды қатаң бақылауда ұстауы тиіс. Қазір алып-сатарлар 30 пайыз табыстың орнына, өнім бағасын 100-120 пайызға дейін қосып отырады. Мәселен, қант, сұйық май, көкөніске қатысты осындай жағдайлардың орын алғанын көрдік. Ірі монополистердің ісі әрдайым бақыланып отыратыны түсінікті. Еркін экономикадағы ойыншыларды қадағалау керек.
 
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Сарапшылар қиын-қыстау заманда тұрақтандыру қорына да  белсенді жұмыс жасау керектігін айтады. Былтыр аталған мекеме көкөністің 2 мыңға жуық тоннасын сатып алып, жеңілдетілген бағамен саудалады. Бірақ бұл аздық еткен көрінеді. Себебі, арзан өнім сауда сөрелерінде ара-тұра ғана шығарылып отырды.

А. Құрманкин