$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Елімізде сәбилер өлімі азаймай тұр, - Ажар Ғиният

AstanaTV
21.09.2022ж. 20:00
1092
Елімізде сәбилер өлімі азаймай тұр, - Ажар Ғиният

Елде сәбилер өлімі азаймай тұр. Бұған Денсаулық сақтау министрі де алаңдаулы. Оның айтуынша, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 6,5 процентке артқан. Үкімет отырысына келген Ажар Ғиният саладағы атқарылып жатқан жұмыстарды жіпке тізді. Дегенмен Премер-министрді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі түйткілдер алаңдатады. Тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатады.

Елде биыл сәби өлімі жиілеген. Көбіне акушерлік асқынулардан орын алған. Министр негізінен шала туылған салмағы аз шақалақтар шетініуде деді.

Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Ал ағымдағы жылдың 7 айында нәрестелер өлім-жітімінің көрсеткіші азаймай отыр. Ең жоғарғы көрсеткіштер Шымкент қаласы мен Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүтік Қазақстан және Қызылорда облысында анықталып отыр.

Денсаулық сақтау саласында мәселе шаш етектен. Соның бірі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі. Оның пайдасын көрмей отырғандар жетерлік дейді Үкімет басшысы. Әлихан Смайылов жүйені жетілдіруге тапсырма берді.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты халықтың тарапынан түсіп жатқан арыз-шағымдар көп. Бірінші кезекте, дәрігерлік көмектің көлемі жеткіліксіз деп шағым айтуда. Денсаулық сақтау министрлігіне Қаржы министрлігімен бірлесіп, биылғы 1 қарашаға дейін оларды қаржыландыруды жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындауды тапсырамын.

Еске салайық, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін Мемлекет басшысыда сынға алған еді. 3 милионға жуық адам медициналық көмекке жарымай жүргенін де айтты. Ал жауаптылар жүйені жетілдіруде пандемия кедергі болғанын желеу етті.

Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Мәміс жүйесі екі-ақ жыл жүзеге асырылып жатыр. Толыққанды бұл жүйенің жұмыс жасауына бұл пандемияның да кесірі тиді. Сондықтан да бұл жүйені арықарайда жандандыруда керек. Оның жұмысын жақсарту керек. Халықтың сұранысына байланысты бұл жұмыстың бетін сол медициналық көмекке бұру керек.

Министр Ажар Ғиният Үкіметке "Дені сау ұлт" жобасының тиімділігін түсіндірді.  Аталған ұлттық жоспар өткен жылы енгізілген еді. Жоба 4 бағыт бойынша жоспарланған. Мақсаты ұлт денсаулығын нығайтып, өмір сүру ұзақтығын арттыру болып табылады.

Б. Сатуов