«Қазақстан тұрғын үй құрылыс
жинақ банкі» ескертеді! Ел ішінде қаржы ұйымының атын жамылып, салымшылар
ақшасын жымқыруды көздеген алаяқтар жүр. Нақтыласақ, «Нұрлы ғасыр» атымен
ашылған жеке кәсіпкерлік «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» серіктесі ретінде
өзін таныстырып, елді тиімді бағдарламамен салым жасауға шақырып жүргені
анықталған. Жалған фирма тіпті насихат парақшаларына қаржы орталығының тауарлық
белгісін, логотипін, жарнамалық баннерін пайдаланыпты. Сондықтан жинақ банкі
халықты сақ болуға шақыруға мәжбүр. Қажетті ақпараттарды тек «Қазақстан тұрғын
үй құрылыс жинақ банкінің» ресми өкілдері ғана беруге құқылы. Қазір алаяқтар
қызметін анықтауға полиция да тартылған.
Айбар Олжай, «Қазақстан тұрғын
үй құрылыс жинақ банкі» АҚ баспасөз хатшысы:
«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс
жинақ банкі» АҚ «Нұрлы ғасыр» жеке кәсіпкердің түрлі жобаларына қатыспайтындығы
жөнінде ресми түрде хабарлайды. Өз салымшыларымыздың сақтық шараларын сақтап,
банктің ресми өкілдеріне хабарласуын сұраймыз. Ол - банктің менеджерлері. Біз
өз кезегімізде құқық қорғау органдарына шағымдандық.
Бұдан бөлек алаяқтардың тағы
бір тобы «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» атынан да шығып отыр екен.
Әлеуметтік желі арқылы олар жеке азаматтарға хабарласып, ұялы телефондары мен
салым шоттарының нөмірін сұраған. Сондықтан зейнетақы жүйесінің де ресми
өкілдері салымшыларды сақ болуға шақырып отыр.
Әсел Әділханова, «Бірыңғай
жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Астана қалалық филиалының директоры:
Біз өткен аптада ғаламтор
желілерінде жекелей тұлғаларға «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» шарттарын
қайта толтыру жайлы хаттардың жолданатынын анықтадық. Ол жазбаларда жеке
құжаттар туралы дербес деректерді беру керектігі айтылған. Сол себептен де біз
бұндай хаттарға жауап бермеуге шақырамыз. Егер ондай жағдай тіркелсе, орталықтарға хабарласыңыздар.
Құралай ПИОНЕР