Adv pic
$475.25 €505.52 ₽4.95
×

Шымкентте жатақханада көз жұмған студенттің өліміне әлімжеттік себеп болуы мүмкін

AstanaTV
23.09.2022ж. 20:00
1222
Шымкентте жатақханада көз жұмған студенттің өліміне әлімжеттік себеп болуы мүмкін

Шымкентте жатақханада қаза тапқан 1-курс студенті Нұрхат Дүйсеннің өліміне әлімжеттік себеп болуы мүмкін. Марқұмның туыстары бүгін ол оқыған колледжге келді. Айтуларынша, Нұрхат  оқуға түскелі жиі ақша сұраған. Жастар арасындағы жанжал осыдан туындаған шығар деп топшылайды олар. Ал бұған оқу орнының басшылығы не дейді?  Мәселенің мән-жайын тілшіміз Айзада Төребекқызы  толығырақ тарқатады.

Қаралы отбасының Манап Өтебаев атындағы Жоғары жаңа технологиялар колледжі басшылығына  өкпесі қара қазандай. Ұлының қаза тапқанын анасына  хабарлаған да қойған. Бүгін де  мән-жайды түсіндіруге   жарамай тұр деп ашуланады олар.  

15 жасар ұлынан айрылған ана жанын қоярға жер таппай тұр. Нұрхат төрт қыздың ішіндегі жалғыз ұлым еді. Оны да ұрып өлтіргені ішімді өртеп барады дейді анасы.  

Айжан ҚАШАҒАНОВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:
 
Нұрхат жан-жағынан ақша қарызға сұрай бастаған. Туыстарынан, әпшелерінен сұраған. Енді олардың бәрі «қиналып жатыр» деп бере берген. Бірақ бұл ақша қай жақҚа кетіп жатқанын білмейді. Мүмкін тамақ, өзіне тәтті нәрселер алып жеген шығар?!  Бұдан ақша талап еткен. Қорқытқан. Оны бізге айтуға бұл қорыққан.

 
Қайғылы  жағдайға нақты  не себеп болғанын Нұрхаттың туыстары анықтай алмай отыр. Ал колледж басшысы бүгіннен бастап денсаулығына байланысты демалыс алған көрінеді.  Қапияда бауыр ет баласынан айрылған отбасы  жұмбақ өлімнің жауабын кімнен сұрарын білмей сенделуде.  

Колледж  жатақханасында қазір 105 бала бар.  Марқұмның туыстарының айтуынша, сол түні жатақханада жауапты мамандар болмаған. Білім басқармасының басшысы бұған қатысты қазір зерделеу жұмыстары жүріп жатыр дейді.  
 
Жанат ТӘЖИЕВА, ШЫМКЕНТ қ. БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Жауапты қызметкерлердің өз орнында болған болмағаны жөнінде басқарманың тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Егер болмаған болатын болса, өз ісіне жауапкершілікпен қарамағаны үшін тиісті тұлғалар басшылықпен бақылау жұмысын өз дәрежесінде жүргізе алмағаны үшін бірінші басшы қатаң жауапкершілікке, жұмыс орнын босатқанға дейінгі қатаң жауапкершілікке тартылатын болады.


Ал полиция тергеу жүріп жатыр дегеннен басқа ақпарат бермеді. Іс бойынша медициналық сараптама тағайындалған. Ал марқұм Нұрхат Дүйсен 7 қазан күні 16-ға толар еді. " Баламның айти маманы болам" деген арманы орындалмай қалды деп анасы ах ұрады. Айта кетейік, отбасының тағы бір қызы  қаладағы  колледждердің бірінде  оқиды,  жатақханада жатады. Бірақ, осы жағдайдан кейін ол оқуын  тастап кетпек. Жатақханадан қорқам дейтін көрінеді.
 
А. Төребекқызы