Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

"Алматыда 65 мыңнан астам адам банк қызметтерін пайдалану мүмкіндігінен айырылуы мүмкін",-сарапшы

AstanaTV
26.09.2022ж. 20:00
1100
"Алматыда 65 мыңнан астам адам банк қызметтерін пайдалану мүмкіндігінен айырылуы мүмкін",-сарапшы

Алматыда 65 мыңнан астам жеке тұлға мүлік салығын төлемеген. Енді бұл борышкерлер банк қызметтерін пайдалану, оның ішінде банк шоттарын ашу, ақша аудару, несие алу мүмкіндігінен айырылуы мүмкін.   Осы және өзге де жаңалықтар  экономика  топтамасында.

Меншігінде тұрғын үй, пәтер, саяжай және басқа да ғимараттары бар тұлғалар жеке тұлғалардың мүлкіне салық төлеушілер болып табылады. Бүгінде бұл міндеттемелерін орындамаған тұлғалардың жалпы салық сомасы -945 млн теңге. Төленбеген салықтың ең ірі сомасы, яғни, 15,5 млн теңге Бостандық ауданының тұрғынына тиесілі. Мүлік салығын төлеу мерзімі 1 –ші қазанда аяқталады. Соғыс ардагерлері, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен көпбалалы аналар мүлік салығын төлеуден босатылған.

Қуаныш ТҮМЕНБАЕВ, АЛМАТЫ қ. БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӨНДІРІСТІК ЕМЕС ТӨЛЕМДЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бүгінде Алматы қаласы бойынша жеке тұлғалардың мүлкіне салық салынатын жеке үйлердің, пәтерлердің, саяжайлар мен көлікжайлардың саны 616 365-ті құрайды, бағалау құны 3063 млрд теңге. Өткен жылмен салыстырғанда салық салу объектілерінің саны 32 171-ге артып, бағалау құны 258 млрд теңгені құрады. Айта кету керек, жаңа салық салу нысандарының жартысы Наурызбай ауданына тиесілі.

Бүгін қор биржасында теңгеге қатысты доллардың ресми бағамы 2,5 теңгеге төмендеді. Kurs.kz мәліметінше, дәл қазір Алматының ақша айырбастау орындарында долларды орташа сатып алу - 479 теңге, сату - 484 теңге. Ал Астанада америкалық валюта орта есеппен 475теңгеден сатып алынып, 479, теңгеден саудаланып жатыр.

Елде жатақхана мәселесі  өзекті. Қазір елімізде 87 мың орынға тапшылық сезіліп отыр. Бұл туралы  ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты. Оның сөзінше, жыл сайын 10 мың адамға шақталған жаңа жатақханалар бой көтергенімен ол мәселеге шешім болмай отыр. Сондықтан, жатақханалар құрылысына жеке секторларды тарту маңызды дейді. Министрдің мәліметінше, түйткілді шешу үшін 50 шақты мердігермен келіссөздер жүргізілген. Құрылыс компанияларының ұсыныстары ескеріліп, жатақхана салу шарттары өзгерді дейді.

Саясат НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:

Бұл шарттардың өзі қазіргі таңда мердігерлерге қызықты емес. Неге десеңіз құрылыс материалдарының құны шарықтап тұр. Кеше біз бүкіл мердігерлермен кездесіп, олардың ұсыныстарын пысықтадық. Енді қаржы министрлігімен сол шарттарды жаңадан қарастыратын боламыз. Сегіз жылдан алты жылға дейін қысқартамыз. Мысалы, ақшаны қайтару есебін де ескереміз.

Жыл басынан бері сауда үстемесінің асып кетуіне байланысты тұрғындардан 340-қа жуық шағым түскен. Көп жағдайда үйдің жанындағы дүкен иелері бағаны негізсіз көтерген. Премьер-министрдің орынбасары, сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринге   2 апта ішінде барлық өңірде сауда желілерімен және супермаркеттермен жыл соңына дейін әлеуметтік маңызы бар өнімдердің сауда үстемесін 10%-дан аспайтын мөлшерде сақтау туралы меморандумдарға қол қою бойынша жұмыс жүргізу тапсырылды. Сондай-ақ,   «айналым қаражатын» бөлудің жаңа тетіктерін іске асыру жайы талқылануда.  9 облыс әлі қаржыландыруды қажетті көрсеткішке жеткізбеген. Бұл мәселені 1 қазанға дейін шешу міндеті қойылды.

Б. Сатуов