Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қостанай облысындағы шипалы су мен тұзды көл қашан кәдеге асады?

AstanaTV
26.09.2022ж. 20:00
2679
Қостанай облысындағы шипалы су мен тұзды көл қашан кәдеге асады?

Қостанай облысына қарасты, шалғайдағы Торғай елді-мекені туризм әлеуетіне бай. Бірақ ивесторлар тарапынан қызығушылық жоқ. Сұрауы жоқ шипалы су, тегін жатқан тұзды көлге алыстан ат терлетіп келетіндер жыл сайын көбейіп келеді. Қысы-жазы ағатын ыстық су 30 жыл бойы далаға кетіп жатыр. Шалғайдағы шипалы су қашан кәдеге асады? Тілшіміз  Заңғар Санай айтады.

Ыстық су басына келетін көпшілік қатары соңғы жылдары күрт көбейген. Олар шипалы судың емдік қасиеті жайлы әлеуметтік желілер арқылы естісе керек. Келушілер тері ауруларына ем тапқан.
 
Райхан МӘЛІКЗАДАҚЫЗЫ, ТОРҒАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Қазір көріп тұрғандарыңыздай қолымдағы аллергия осы ыстық судың көмегімен кетті. Жаңа басталып келе жатқанда мақтаға сіңіріп қолыңызды орап тастасаңыз бірден алып түседі. Мен күннен болатын аллергияға осы ыстық суды пайдаланам.

Асқар СҰЛТАНОВ, СУЖАРҒАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бүгінде біраз адам келіп жатыр. Басқа облыстардан да бар. Танысып жатырмыз. Менің өзімнің басыма жара шыққан. Бірінші рет келдім. Ваннаға түстік, ем алдық.

Шалғайдағы шипалы судың басына жуырда киіз үй тігіп, кабиналар орнатылды. Бұған дейін келушілер аққан судың шалшығына шомылып, көлігінде түнейтін. Елордалық кәсіпкер шағын шипажай салу үшін осы жерді биыл жалға алған көрінеді.

Нұрман ЕМБЕРГЕНОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
7-8 үй болады. 2 адамдық, төрт адамдық. Медицина қызметкері болады. Судың құрамын зертеуге бердік. Неге пайдалы, неге зиян екенін анықтаймыз. Сосын іске кірісеміз.

 
Жоспар бар. Бірақ  жоба әлі бекітілмеген. Жобаны жүзеге асыру үшін де қомақты ақша қажет деді Нұрман Ембергенов. Облыстық кәсіпкерлік басқарма өкілдері бұл саланы дамытамын деген адамға мемлекет тарапынан қолдау көп деді. Демалыс базасы, қонақ үй құрылысына жұмсалған шығыннның 10 пайызын Үкімет көтеретінін ескертті. Тіпті жеңілдетілген несие де берілмек.  
 
Роза ГОРЯНАЯ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Егер бізге жүгінсе, әрине көмектесеміз. Кеңес береміз. Аудандық әкімдік өкілдерімен таныстырамыз. Жобаны іске асыру үшін әуелі  жер телімін алу керек. Аукционға қатысуы қажет. Біз әрдайым көмектесуге, қолдау көрсетуге дайынбыз.
    
Торғайдың туризм әлеуеті өте жоғары дейді басқарма өкілдері. Бірақ жергілікті кәсіпкерлер тарапынан ұсыныс жоқ. Мәселен бұл  маңдағы Қаратұз көлі де қараусыз жатыр. Облыс орталығынан 700 шақырым қашықтағы қасиетті жерге қалталы инвесторлар  да қызықпай отыр.

З. Санай