Спорт Қазақстан
$443.72 €482.28 ₽4.9
×

Алматыдағы республикалық спорт колледжі білім алушыларға есігін қайта ашады

AstanaTV
26.09.2022ж. 20:00
1483
Алматыдағы республикалық спорт колледжі білім алушыларға есігін қайта ашады

Алматыдағы республикалық спорт колледжі жақын арада білім алушылар үшін есігін қайта ашпақ. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалында Мәжіліс депутаттары мен Мәдениет және Спорт министрлігінің өкілдері бас қосқан жиында белгілі болды.

Естеріңізге сала кетейік, биыл көктемде аталған спорт колледжінің жабылуына қатысты жанжал туындаған болатын. Оның орнына олимпиадалық резервті дайындайтын орталық салу туралы шешім қабылданған. Ал колледждің білім алушыларын басқа оқу орындарына ауыстырды. Алайда, кейбір спортшылар ауысудан бас тартып, ата-аналар наразылықтарын білдірген еді. Мәселеге «AMANAT» партиясы назар аударды.  

Константин АВЕРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бүгін біз республикалық спорт колледжі жұмысын жалғастырады деген шешімге келдік. Оның жанындағы мектеп те білім алушыларға есігін ашады. Бұл іс Парламент Мәжілісі депутаттарының қатаң бақылауында. Еститін мемлекет дегеніміз осы. Енді процедуралық іс-әрекеттер басталады.

Бірінші кезекте партия мүшелері оқу орнын жабу туралы бұйрықтың күшін жою және лицензияны қайтару мәселесімен айналысады. Бұл іс шамамен он күнге созылмақ. Осы уақытта болашақ олимпиадашылар онлайн режимде оқиды. «Ал лицензияны қайтарғаннан кейін басқа білім ордаларына ауысып кеткен спортшылар да колледжге орала алады», - деді жиналғандар.

Амалбек ТШАНОВ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СПОРТ КОЛЛЕДЖІНІҢ ЭКС-ДИРЕКТОРЫ:

Енді сол балалар қайтып келетін болса, солар әлі талай Қазақстанды әлем деңгейінде, спортын көтеруге өз үлесін қосатынына күмәнім жоқ. Себебі, біздің қара шаңырақтың аурасы өте керемет. Көріп отырсыздар ғой, мына мұғалімдер болсын, жаттығушылардың көңіл-күйін. Тағы да бір рет көзім жетті адалдық жеңетініңе!

М. Жақан