Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

«Ұлы Дала Жорығы» марафонының шабандоздары 8 күнде 800 шақырымды еңсерді

AstanaTV
26.09.2022ж. 20:00
936
«Ұлы Дала Жорығы» марафонының шабандоздары 8 күнде 800 шақырымды еңсерді

«Ұлы Дала Жорығы» марафонының шабандоздары 800 шақырымды жүріп өтіп, Бетпақдаланы бағындырды. Бәйгенің сегізінші күнінің қорытындысына тоқталсақ, алғашқы үздік үштіктің қатарында Ақтөбе командасы белгіленген межені 67 сағат 47 минутта еңсерді. Маңғыстау шабандоздары 68 сағат 9 минутта мәреге екінші болып жетті. Ал Жетісу облысының командасы 70 сағат 15 минутта келіп, үшінші орынды иеленді. Мәреге небәрі 400 шақырым жол қалды, яғни,  шабандоздар үшін шешуші сәт жақындады. Жамбыл облысы 7 сағатқа жетпейтін уақытта 100 шақырымды басып өтіп, рекорд жаңартты. Ал Түркістан үшін нағыз сын сағат енді басталды. Үш шабандозбен келе жатса да, жеңіс тұғырынан үмітті. Бетпақдала жазығында  көшке ілесе алмай, Алматы қаласының командасы жарыстан шығып қалды.

Жанбатыр БЕКМҰСАЕВ, «ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ» МАРАФОН-БӘЙГЕСІНІҢ ТӨРЕШІСІ:

800 шақырым қашықтықта Алматы қаласы 3 атпен жарыстан шығып қалды. Себебі атының жай-күйі келіспеген. Ауысып мінуге әкелген қара аты әлсіздеу еді, жарысқа жарамай қалды. Регламентте жазылғандай, екі шабандоз қалса команда жарыс жолынан шығады. Дегенмен екі шабандоз жеке дара мәреге жетуге тәуекел етіп отыр. Ал аттардың жарыстан шығып қалуының бір себебі – жаңа жерге жерсінбей, бейімделе алмауы. Маңғыстау облысының аттары ыстықтан салқынға, салқыннан ыстыққа бара жатыр. Бейімделіп үлгерген жоқ. Жергілікті ауа райына байланысты салқын өңірден келген аттар 600 шақырымға жетпей шығып қалды.

А. Серік