Көші-қон мәселесін түсіндіру жұмыстары үшін жедел желі іске қосылады. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты. Үкімет басшысы уақытша келген шетел азаматтарын жұмысқа орналастыру кезінде еңбек заңнамасының сақталуын бақылауды тапсырды.
Елімізге жыл басынан бері 31 мың ресейлік жұмыс іздеп келген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Қазақстанда нәпақасын тапқысы келетіндер саны Ресейдегі мобилизациядан кейін, тіпті, арта түсті. Қазір жұрт көрші мемлекет азаматтарының келуі өз азаматтарымыздың жұмыссыз қалуына себеп болмай ма деп алаңдап отыр. Бұған сарапшылар не дейді? Құзырлылар қандай шараларды қолға алды? Аружан Задабек айтады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетелдік мамандарды тартуға арнайы квота бөледі. Оған Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдер кірмейді. Себебі, одаққа кіретін елдер өзара кез-келген мемлекетке барып жұмыс істей алады – дейді мамандар. Демек, Ресей азаматтарының мемлекетке келіп еңбекке араласуына толық құқығы бар.
Мәди ӘЛЖАН, ҚР ЕХӘҚМ КӨШІ-ҚОН КОМИТЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Биыл 28 мың шетелдік жұмысшыға квота бердік. ЕАЭО елдерінің аумағында тұратын адамдар үшін бізде квота жоқ. Алайда Қазақстан азаматтары бұл елдерде рұқсатсыз жұмыс істей алады. Сондықтан бұл елдердің азаматтары да бізде жұмыс істеуге келе алады.
Жыл басынан бері 262 мың Ресей азаматы Қазақстанда уақытша тұруға келген. Оның 31 мыңнан астамы -жұмыс іздеп келгендер. Әсіресе, соңғы аптада елге келуге ниеттілер саны бірден 2 есе артқан. Бірақ бұл уақытша құбылыс дейді экономика министрі.
Әлібек ҚУАНТЫРОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
Мобилизацияға байланысты келіп жатқан ресейліктерге қатысты жағдай бұл уақытша құбылыс, олардың көбі ары қарай Қазақстаннан өзге елдерге кетеді. Сондықтан бұл уақытша құбылыс. Әрине, белгілі бір деңгейде инфрақұрылымға "қысым" бар, оның бәрін тез арада шешеміз.
Ал, премьер-министр Әлихан Смайылов көршілес елден келген мигранттар белгіленген заңнама шеңберінде ғана еңбек ете алатынын айтты. Министрдің айтуынша, бұл жағдай еңбек нарығына кері әсерін тигізбейді. Себебі, жұмыспен ең алдымен өз азаматтарымыз қамтамасыз етіледі – дейді.
Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Еңбекпен қамту бойынша ең алдымен қазақстандықтардың жай-күйі, жұмыс жағдайы біз үшін приоритет. Барлық кәсіпорындар мен мекемелер осыны естен шығармауы керек. Ал көршілес елден келген мигранттар белгіленген заңнама шеңберінде ғана еңбек ете алады. Жағдай күнделікті бақылауда.
Заңгерлер де мигранттардың тек заң аясында қызмет істеуін қатаң қадағалау керек – дейді.
Ерқанат БЕЙСВЕНОВ, АДВОКАТ:
Егер екі елдің арасында ратификацияланған келісім болса және біздің ішкі шарт бойынша рұқсат болса, тек қана сондай азаматтар біздің еңбек шарттарына сай келсе, сол кезде ғана еңбек атқаруы мүмкін.
Барлық мемлекеттік құрылымдар өз құзыреті аясында отандастарымызға да, мигранттарға да тараптардың құқықтары мен жауапкершілігіне байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Алдағы күндері бұл мақсатта жедел желі іске қосылады.
А. Задабек