Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Қарағандыда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес отырысы өтті

AstanaTV
21.07.2016ж. 20:00
2857
Қарағандыда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес отырысы өтті

Жемқорлыққа қарсы іс-қимылды ұйымдастыруға кері ықпалын тигізіп отырған бірқатар мәселе бар. Бүгін Қарағанды өңірінде өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің семинарында осы тақырып қаузалды. Кеңес мүшелері елдегі болып жатқан барлық қоғамдық үдерістерге партиялық ықпалдың әлсіздігін атап, олқылықтың орнын толтырудың жолдарын қарастырды.

Айта өтейік, «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде Мемлекет басшысы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізді одан әрі дамыту үшін «Бес институционалдық реформа» ұсынған еді. Осы орайда республикалық қоғамдық кеңес төрағасының бірінші орынбасары Оралбай Әбдікәрімов бағдарламаның ауқымды міндеттері қоғам арасында жөнді түсіндірілмей жатқанын алға тартты. Ол формализмнің етек алып жатқанына алаңдаулы. Республикамыздағы партиялық ұйымдарға жемқорлықпен күресте жүйелілік, ұстанымдылық жетіспейді деп отыр.

Оралбай Әбдікәрімов, Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес төрағасы:

Бүгінгі болған әңгіме біраз мәселені қозғайды деп ойлаймын. Өйткені "Нұр Отан" партиясының бағдарламасы бар, жоспарлары бар. Соның барлығын жүзеге асыру керек. Қазір нақты жұмыс істеу керек. Осы сұрақтарға жауап берсе, біраз мәселені шешуге болады. Бізге ашықтық керек, жариялылық керек осы жұмыста.

Семинар-кеңестің қорытындысы бойынша өңірлердегі Жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестердің тиімділігін қамтамасыз ететін ұсыныстар пысықталды. 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы шеңберінде «Жемқорлықсыз ел - гүлденген ел» партиялық жобаның да іске асу тетіктері сөз етілді. Семинардың жұмысы ертең де жалғаспақ. 

Ләйлә ҚАЗИҚПАРОВА