Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Мақтаралдықтар егістікке су таппай отыр

AstanaTV
21.07.2016ж. 20:00
3649
Мақтаралдықтар егістікке су таппай отыр

Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданындағы егістік алқаптары судан сусап тұр. Қырғыз тарапы «Тоқтағұл» су қоймасынан «Достық» каналына келетін суды екі есеге азайтқан. Мақтаның отаны саналатын бұл ауданға су Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елі арқылы келеді. Ал аудандағы елу мың гектар алқап тап осы Достық каналындағы суға тәуелді. Оның басым бөлігі ақ алтын болса, өзгесі мал азығы мен бау-бақша дақылдары. Қырғыз тарапының талабы қандай? Айзада Төребекқызы тарқатады.

Міне, шөлдеп жатыр мақтамыз. Бутондарының бәрі түсіп жатыр мына жерден. Бойы да өспей қалды кішкентай болып.

Биыл 9 гектар жерге шит сепкен Керімбек Тұрсынбеков, бұл аумаққа шамамен 2 млн теңге жұмсапты. Отбасының негізгі күнкөрісі осы. Ерте көктемнен тырбанған шаруа мақтаға су қажет шақта тіршілік нәрін таба алмай отыр. Енді бір он күнде ағын су келмесе, бәрі бос әуре бола ма деп қынжылады. 

Керімбек Тұрсынбеков, шаруа:

Ерте көктемнен бастап су жоқ бізде. Міне, 20 күн алдын суаруымыз керек бұны,  даже екі суаруымыз керек кемінде, біз бір су да суғара алмай отырмыз, қазір.

Хайдар Тугушев ауылы тұрғындарының керегіне жараған мына каналда қазір су тобықтан аспай тұр. "Жер емген" ағайын, тіршілік нәрі қашан көтеріледі деп күнде телмірумен жүрміз, дейді.

Орынбай Ботпаев, Хайдар Тугушев ауылының тұрғыны:

Ешкім арызымызға құлақ та салмайды. Ешқандай нәтиже жоқ айналып келгенде. Он күнде суғармасаңыз, мақтаңызға уже судың керегі де жоқ. Тек мақта емес, жүгері, жоңышқа дегендер мүлдем су ішкен жоқ.

Бұл жағдайдан аудан басшылары хабардар. Әкім бұл халықаралық деңгейде шешілуі тиіс мәселе дейді.

Жамантай Бейсенбаев,  Мақтарал ауданының әкімі:

«Достық» каналынан біз қазір 65-70 куб су алуымыз қажет болса, біз содан небәрі 35 куб су алып отырмыз. Ол 35-іміз де бір күні 30-ға түседі. Сонымен біздің өнімдердің нағыз суды талап етіп жатқан кезіндегі тиісті мөлшерде сумен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Бірақ бұны да бүгін-ертең шешеміз деген, оған құзыретті органдар, үкімет айналысып отыр.

Ал ауыл шаруашылығы министрлігі мамандары қырғыз тарапымен келіссөздер жүргізген. Әзірге нәтижесіз. 

Ислам Әбішев, ҚР АШМ су ресурстары комитетінің төрағасы:

Бізге қазір су алу үшін "Тоқтағұл" су қоймасынан суды босатқан кезде электр энергиясы шығарылады, сол электр энергиясын біз тұтынушы үшін алуымыз керек. Біз оған көніп отырмыз, аламыз деп отырмыз. Енді ертең оны біз қайтып беруіміз керек, былтыр алдыңғы жылдары біз оны қыркүйек айларында қайтарып беріп отырғанбыз. Ендігі олардың қойып отырған талабы: бізге сентябрь, октябрде емес, сіздер ол алған энергияларыңызды ноябрь, декабрьде қайтарып беріңіздер дейді. Ал енді бұның ешқандай  мүмкіншілігі жоқ.

Дейтұрғанмен, комитет төрағасы мәселе жақын күндері шешілетініне сенімді. Бірақ дихандар бір аптада су келмесе, мақтаның өнімділігі 15 центнерге дейін түсіп кетуі мүмкін деп отыр. Олай болса, шаруалар шаш етектен шығынға батпақ.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ