Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Атыраулықтар 11 жылдан бері пәтер құжатын ала алмай жүр

AstanaTV
29.09.2022ж. 20:00
849
Атыраулықтар 11 жылдан бері пәтер құжатын ала алмай жүр

Атыраулықтар 11 жылдан бері пәтер құжатын ала алмай жүр.  Аз қамтылған отбасылар, көпбалалы, мүгедек асырап отырғандар және балалар үйінің түлектері құжатты сұрап шаршаған.  Айтуларынша, сол кездегі әкімдік өкілдері 5 жылдан соң арендалық пәтерді иесінің атына аударып береміз деп уәде еткен. Ал қазір түрлі сылтау айтып, есіктен-есікке жүгіртіп қойды дейді.

І-ші топ мүгедегі Салтанат Бисембаеваға пәтер 4-ші қабаттан бұйырған. Мініп-түсуі мұңға айналған көпбалалы ана жер үйге алмастыруды көздейді. Бірақ сатайын десе қолында пәтер иесі екенін растайтын бірде-бір құжаты жоқ.

Салтанат БИСЕМБАЕВА, І-ТОП МҮГЕДЕГІ:

Маған айтты, құжатты бергенде де сата алмайсың, ауыстыра алмайсың. Онда не істейсің құжатты. Бергенде де сата алмайсың, отырыңдар, су шығып жатыр ма мына үйден?

2011 жылы жергілікті билік пәтер кезегінде тұрған аз қамтылған отбасыларға бұл баспананы жалға ұсынған.

Рая ӨТЕҒАЛИЕВА, ТҰРҒЫН:

Мені 3 айдан кейін заңды кезегімнен шығарып тастады. Өйткені енді сендер  үй алдыңыздар, сіздерге басқа үй тиесілі емес деді. Құжаттарды беру керек қой. Біздің талап етіп отырғанымыз құжат. Құжатымызды  тегін берсін, сатып алатын жағдайымыз жоқ ешқандай.

Ал енді бірі келін, немелереін баспанасына тіркей алмай әлек. Халыққа қызмет көрсету орталығындағылар тізімде мұндай үй жоқ,- деп кері қайтарған.  

Зиба ӘЖІҒАЛИЕВА, ТҰРҒЫН:

Біз  он жылға жақын тұрып жатырмыз.  Ал біз ауада жүрміз бе, қайда жүрмыз, сол үйде  тұрып жатырмыз, квартплатасын төлеп жатырмыз, аренасын төлеп жатырмыз деп едік, білмеймін, апа, сіздер баланста жоқсыңдар деді. Бізге осы үйдің құжаты керек.

Бақыт ЕРМАҒАМБЕТОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:

Осы үйді тегін сұрағымыз келеді. Өйткені менде 2 келін, 3 немере бар. Балалар өсіп жатыр. 3-нші бала үйленейін деп тұр. Қайда сыйдыратынын білмеймін шынын айтқанда.

Тұрғындардың базынасын тыңдаған әкімдік өкілдері, жалға беру талабын жиналғандарға түсіндірді. Аймақ атқамінерлерінің дерегінше, баспана сол кезде "Жұмыспен қамту" жол картасы аясында пәтер кезегінде тұрғандарға берілген.

Рафхат ЖОЛДИЕВ, АТЫРАУ қ. ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

Ол кезде  жұмыста болған  да жоқпын. Қандай келісім болғанын мен білмеймін. Бірақ бұрынғы заңдылық бойынша заң 1997 жылы  қабылданған. Сол  заң бойына тек сатып алуға мүмкіндіктері бар қалдық  құнымен. Өзінің тегін беретін тобы бар. 1,2 топ мүгедектеріне  тегін беріледі.

Гүлнәр ҚҰСПАНОВА, АТЫРАУ қ. ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бәріне бергенде біз айттық: «арендный жилье, төлейсің, 5 жыл жұмыс жасауың керексің. Именно жұмыспен қамту шараларына белсенді қатысуың кересің.» Үй  тіркелген, Юстициядан регистрациядан өткен.  Собственник жұмыспен қамту орталығы бізге келеді. Біз БИН береміз. Спокойно отырады.

Арендалық  үйге алдап кіргізді деген жұрт, құжаттарды тегін беруді талап етіп отыр. Арнайы қаулы бойынша, І,ІІ топ мүгедектері мұндай пәтерді сатуға не айырбастауға құқы жоқ. Сондықтан  қуықтай пәтерді өмірінің соңына дейін  амалдауға тура келетін сыңайлы. Айта кетейік, аталмыш бағдарлама аясында 100ден астам отбасы екі үйге орналастырылған. Олардың көпшілігі әлі құжатсыз жүр.   

Б. Надірқызы