Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Елде 70 мыңға жуық жетім бала заңды баспанасын ала алмай жүр

AstanaTV
29.09.2022ж. 20:00
1214
Елде 70 мыңға жуық жетім бала заңды баспанасын ала алмай жүр

Елімізде ата-анасынан айырылған 70 мыңға жуық бала заңды баспанасын ала  алмай жүр.  Ал мүмкіндігі шектеулі жандарға  электронды қызметтер қолжетімсіз. Бүгін Сенат отырысында депутаттар осы секілді өзекті мәселелерді көтерді. Өз ұсыныстарын айтты?  Ол туралы толығырақ "Парламент сөзі" топтамасында.

Елімізде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 70 мыңға жуық  бала заңды баспанасын ала алмай жүр. Бұл туралы бүгін  депутат Амангелді Толамисов  айтты. Оның сөзінше, елімізде мұндай балалардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан бірінші кезекте тұрғын үй алуға құқығы бар. Дегенмен, кезек баяу жүріп жатыр дейді. Қазір  60 845 адам кезекте тұр. Былтыр  1 211 адам тұрғын үй алса,  биыл бірінші жартыжылдықта бұл санат бойынша  287 адам ғана баспаналы болған. Мәселені шешу үшін сенатор үкімет басшысына кезекке тұру схемасына өзгеріс енгізу қажет деді.  

Амангелді ТОЛАМИСОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиеленіп жатқан мекемелердің орналасқан мекенжайы бойынша емес, оларды келген жерлері бойынша тұрақты тұрғылықты тіркеуге қойып, сол өңірлерде тұрғын үй кезегіне қою керек. Бұл өз кезегінде олардың жылдамырақ баспанаға қол жеткізулеріне мүмкіндік береді.


Ал сенатор Талғат Мұсабаев  елімізде жол-көлік оқиғаларының салдарынан адам өлімі жиілегенін айтты. Сондай-ақ,  оқиға болған жерге жылдам әрі уақытылы көмекке барса, адам өлімінің алдын-алуға болады дейді. Сондықтан  Қазақстандағы жедел шақыру жүйесін алып тастау туралы ұсыныс негізсіз деп санайды. Сенатордың айтуынша,  көліктерді мұндай құрылғылармен міндетті түрде жабдықтауды жою мәселесі қазір көтеріліп жатқан көрінеді.  Депутат бұл  қадам, қазір 200-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырған  құрылғыларды шығаратын отандық өндірушілердің банкротқа ұшырайтынын айтпағанда, жол-көлік оқиғасынан болатын өлімнің 30%-ға дейін өсуіне әкелуі мүмкін деп отыр.

Талғат МҰСАБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:


Коммерциялық пайдалануға берілген уақыттан бері авариялар мен апаттар кезіндегі жедел шақыру жүйесіне миллионнан астам қоңырау түсті, оның 2600-ден астамы апаттық болып шықты. Авариялар мен апаттар кезіндегі жедел шақыру жүйесінде автокөліктің тіркелуі тексерілсе, бұл жеке тұлғалар әкелетін автокөліктердің қауіпсіздіктің қажетті деңгейіне сай болуын қамтамасыз етеді.

Пандемия кезінде мүгедектігі бар азаматтар үшін электронды қызметтер қолжетімсіз болды. Сенатор Ләззат Қалтаева осылай дейді. Ол төтенше жағдай кезінде ел азаматтарының бұл тобы ақпаратқа қол жеткізе алмаумен қоса, әлеуметтік көмек пен қызметтерді, оның ішінде өнімдер мен дәрі-дәрмектерге  онлайн тапсырыс бере алмаған. Осыған байланысты Ләззат Қалтаева мүгедектігі бар адамдарға цифрлық ресурстар мен сервистерді қамтамасыз ету стандарттарын қайта қарауды ұсынды.

Ләззат ҚАЛТАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:


Күн тәртібінде тұрғанына көп уақыт болса да «Баспа ақпаратында жарияланған шығармаларды соқыр және көру қабілеті бұзылған немесе басқа да мүмкіндіктері шектеулі адамдарға қабылдауды жеңілдету туралы» Марракеш келісіміне қол қойылған жоқ. Мәдени, білім беру және ғылыми ресурстарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін осы шартқа қол қою, сондай-ақ аудиодескрипцияны енгізу – көру қабілеті бұзылған қазақстандық тұлғалардың көптен бергі сұранысы болып отыр.

Б. Сатуов