Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Өскемен дүкендерінде қанттың сатылымы шектелді

AstanaTV
21.07.2016ж. 20:00
2822
Өскемен дүкендерінде қанттың сатылымы шектелді

Ел ішінде қант тапшылығы болмауы тиіс. Бүгін қант өндіруші негізгі мекеме «Орта Азиялық қант корпорациясы» өкілдері осылай деді. Бір айлық тұтыну мөлшері 33 мың тонна болса, зауыт 45-47 мың тонна өнім өндіріп отыр. Ал зауыт, шетелде қант бағасы қымбат болғандықтан, экспортталып жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды. Дегенмен көптеген аймақта құмшекер бағасы қымбаттап барады. Өскемен дүкендерінде қант енді пайда бола бастады. Бірақ көлемі аз. Сондықтан 1 адамға 10 келіден артық сатылмай жатыр.

Өскеменнің тұрғындары ғана қыстық тәтті тосаптар қайната алмай қиналып отырған жоқ. Саяжай иелері де жидек, таңқұрай, шиелерін сата алмай шығынға батып отыр. Қант дилерлері сұхбаттан бас тартты. Шенеуніктермен кездесу кезінде олар қоймалардың бос тұрғанын хабарлады. Ал табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаменті жіберген сұрауларға жазбаша жауап беріп құтылды. Оның мазмұны төмендегідей. «Қантты жеткізуде іркіліс бар. Үнемі жеткізілмейді. Кешеуілдетіп, аз көлеммен келеді, аптасына 1-2 вагон. Ал Өскеменнің қажеттілігі - күніне екі вагон».

Ал негізгі өндіруші «Орта Азиялық қант корпорациясының» бас кеңсесі тапшылықты түсіне алмай отыр. 5 зауыттың екеуі жұмыс істеп тұрған көрінеді. Күн сайын 1,5 мың тонна шекер шығарады. Айлық норма 45-47 мың тонна. Ал сұраныс 33 мың тонна, - деп отыр зауыт өкілдері.

Лаура Бергібаева, «Орта Азиялық қант корпорациясы» ЖШС қамтамасыз ету бөлімінің бастығы:

Екі зауыт жетіп жатыр. Үшінші, төртінші зауыттарды қосудың қажеті жоқ. Біз «Рахат», «Баян сұлу» сынды өндірістік компанияларды қоса есептегенде, нарықты толық қамтамасыз етіп отырмыз. Сондықтан ешқандай дүрбелең болмауы керек. 

Дегенмен халық қант тапшылығынан дүрлігіп отыр. Дүкен сөрелері бос. Көтерме сауда орталықтарында құмшекердің келісін 325 теңгеден босатып жатыр. Оның өзінде бір қолға 10 келіден артық сатпайды. Құмшекер тапшылығы Ақтөбеде сезілген кезде, сұраныс артқаны мен вагон жетіспеушілігімен түсіндірілді. Кейін монополияға қарсы комитет спекулянттық жүйені қарай бастады. Ал негізгі өндіруші компания өнімді шетелге экспорттаған жоқпыз деп ақталды. 

Лаура Бергібаева, «Орта Азиялық қант корпорациясы» ЖШС қамтамасыз ету бөлімінің бастығы:

Біз бұл ақпаратты растамаймыз. Біздің мақсатымыз - өзіміздің нарықты қамтамасыз ету. Неігзі жеткізушілеріміз отандық өндіруші компаниялар, қазақстандық нарық.

Жағдайдың ушыққаны сонша, ұлттық экономика министрлігіне араласуға тура келді. Шығыс Қазақстандағы монополияға қарсы мекеме бағаның қалайша 450 теңгеге дейін аспандап кеткенін анықтаймыз деп сендірді.

Людмила Устьянцева, ТМРБҚК ШҚО департаменті бастығының орынбасары:

Қант біздің дилерлерге 245 теңгемен келді. Олар 260 теңгеден сатты. Қазір біз барлық делдалдық жүйені тексеріп жатырмыз. Дүкендерде баға 420-450 теңгеге қалай жеткенін анықтаудамыз. Тексеріс нәтижесі бойынша шешім қабылдаймыз.

Қазір халық елде нормадан артық өндіріліп жатқан қанттың дүкендерге жетуін күтіп отыр. Алайда шекар бағасы бұрынғы күйінде бола ма, жоқ па - ол жағын әзір ешкім айта алмайды.

Айгүл ӘДЕПБАЙ