$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілік қатаңдатылады

AstanaTV
03.10.2022ж. 20:00
1183
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілік қатаңдатылады

Ағымдағы жылда елімізде 378 тұрмыстық зорлық-зомбылық тіркелген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда көп. Құқық бұзушылықтың  басым бөлігі Шығыс Қазақстан, Алматы, Қостанай мен Павлодар облыстарына тиесілі екен. Президентте бұл мәселеге алаңдаушылық білдірген еді. Енді күйеуі әйеліне қол көтеріп, алайда келіншек оның үстінен арыз жазбаса да, ер адам жазасыз қалмайды. Толығырақ әріптесім тарқатады.

Өзін Сәуле деп таныстырған Елорда тұрғыны, 3 баланың анасы. 7 жыл күйеуінен көрмегенді көріп,  шыдамы біткен соң дағдарыс орталығына келген.  

Сәуле, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ең алғаш бала босанып келгенімде ұрды. Оған дейін ондайын білдірмеген. Бетпердесі шешілгеннен кейін жиі қол көтеретін болды. Тіпті, екінші баламен аяғым ауыр кезде таяққа жығып, ауыр жағдайда ауруханаға түскен едім.

Қазір орталықта Сәуле сияқты 20 шақты келіншек бар. Бірі өз аяғымен келсе, бірін ауыр жағдайда ауруханадан, не учаскелік бөлімшеден әкелген.

Светлана ЖОЛДАСОВА, ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖҰМЫС БОЙЫНША МАМАНЫ:

Мен осы орталықта 6 жылдан бері жұмыс істеймін. Тіпті түріне қарай алмайтын жағдайлар болды. Біреуінің қабырғасы сынып, біреуінің талағы езіліп кеткен, операциядан кейін ауруханадан бізге хабарласып осылай кісі зорлық-зомбылық көріп бізде жатыр. Қабылдайсыздар ма? деп хабарласқан кездер. Көбіне күйеуінен зәбір көреді.

Әйелдердің көпшілігі бірінші орынға  шаңырақтың шайқалмағанын, балалардың әкесіз өспегенін қалайды. Алайда арты өзекті өртейтін өкінішке әкеліп жатады дейді психолог.

Әсел АСЫЛБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:

Ұят болады деген өте көп. Ажырассақ ұят болады, кетіп қалсам ұят болады, балалар әкесіз өседі дегендей. Сондай жағдайларға байланысты көп әйел адам үндемей, шыдап жүре береді. Ажырасқанын ешкім қаламайды, бірақ егер де отбасыда ол жағдай шешілмейтін жағдайға келетін болса, өміріне қауіпті болғаннан кейін ол қауіпсіз жерге бару керек.

Ағымдағы жылда елімізде 378 тұрмыстық зорлық-зомбылық тіркелген. Ал былтырғы көрсеткіш бұдан 4,3 пайызға көп. Құқық бұзушылықтың  басым бөлігі Шығыс Қазақстан, Алматы, Қостанай мен Павлодар облыстарына тиесілі екен.

Енді отбасылық зорлық-зомбылық фактісі тіркелсе, жәбiрленушi мен зәбір көрсетушінің бір-біріне кім болып келетіні маңызды емес.

Марат АХМЕТЖАНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Отбасылық зомбылықтар бойынша қамауға алу мерзімінің шегін белгілеу жоспарлануда. Бапта қамауға алу қарастырылған болса, онда ол 5 тәуліктен басталады. Егер қайталанған жағдайда 20-дан 25 тәулікке дейін қамалады. Жәбірленуші арыз жазбаған болса да, абьюзер жазаланады. Қайталама құқық бұзушылық кезінде тараптар татуласа алмайды. Бұл дегеніміз - жанжалқой адам өзінің құрбанына психологиялық және физикалық тұрғыдан "арызыңды қайтып ал" деп қысым жасай алмайды.


Жыл сайын полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 100 мыңнан астам өтініш түседі. Биылғы 9 айдың ішінде 37 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Президент тапсырмасы бойынша жауапкершілікті қатаңдату шаралары әзірленді. Енді Үкімет тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін әлеуметтік сервистерді, оның ішінде отбасының цифрлық картасын белсенді қолдануды қолға алмақ.

А. Базарбай