Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Мектепті зейнеткерлер күзетіп жүр

AstanaTV
03.10.2022ж. 20:00
1895
Мектепті зейнеткерлер күзетіп жүр

Мектеп күзетшілерінің жұмысы сын көтермейді! Себебі, оқушыларды   жүріп-тұруы қиын зейнеткерлер күзетіп отыр. Оқу-ағарту министрі бұған алаңдаулы.  Төтенше жағдай болса, балалардың өміріне кім жауапты болмақ?   

Астанадағы Ғафу Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназиясы  күзет қызметімен қамтамасыз етілген. Бірақ, бүгін ғана жұмысқа кіріскен күзетшінің қолында  қажетті құрал-жабдық жоқ.  

Сырым НҰҒМАНОВ, Ғ.ҚАЙЫРБЕКОВ АТЫНДАҒЫ №2 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
 
Дубинкасы, металоискатель міндетті түрде болады. Ол дүниесіз олар мектепке кірмейді. Кісінің мектепке келіп тұрғаны, бұл бізге қызмет көрсететін фирма ғой. Фирма бізге кімді жібереді, біз сонымен жұмыстанамыз. Егде кісімен жұмыс істеу ыңғайсыз. Біз мүмкіндігінше 45 жасқа дейінгі кісілермен жұмыс жасауға тырысамыз.


Зейнет жасындағы кісі мектептегі балалардың қауіпсіздігіне жауап береді деу қиын.  Ата-аналар да  осылай деп алаңдайды.

БЛИЦ:

- Қарулы адам келсе зейнеттегі кісі не істей алады? Зіңгіттей кісі қарумен тұрса, ешкім кіре алмайтын шығар.

- Күзеттің айлығы аз болғанға зейнеттегі үлкен кісілер күзетте тұрады.

- Мектеп инспекторының жұмысын жақсарту керек.

- Камера қою керек.

Былтыр Ресейде Қазан қаласындағы мектептегі атыстан кейін еліміздегі білім ошақтарының қауіпсіздігі күшейтілген. Ғимараттарға кіріп-шығу тәртібі қатаңдатылды. Білім беру нысандарын күзет қызметімен қамтамасыз ету тапсырылды. Ал өткен аптада Ижевсктегі жағдай жұртты тағы дүрліктірді. Алайда, бізге бұл да сабақ болмай тұрған секілді.   Министрдің айтуынша, мектепті сеніп тапсырған мамандандырылған күзеттің де жұмысы сын көтермейді.

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
 
Мектептерде мамандандырылған күзет агенттіктері болуы керек деген шешім қабылдағанда негізінен тиісті қарсылық көрсете алмайтын немесе қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ете алмайтын вахтерлардың орнына осы талаптарға сай келетін мамандар келгенін қаладық. Бірақ қазір кейбір фактілер мамандандырылған күзет агенттіктері арқылы келген қызметкерлердің бізбен бұрын жұмыс істеген әріптестерінен еш айырмашылығы жоқ екенін көрсетті.

Рабиға БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Елімізде 7 228 мектеп бар. Оның жартысы дабыл жүйесімен қамтамасыз етілген.   400 мектеп қана арнайы мамандандырылған күзет қызметімен келісім жасаған. Олқылықтың орнын толтыруға оқу жылы соңына дейін уақыт бар. Ол үшін жергілікті әкімдіктер тиісті қаржы бөліп, орындалуын тиісті министрлік қадағалауы қажет.    

Р. Бақытжанқызы