Қызылордада Ұзақбай Қарамановтың атына көше берілді. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Үкімет басшысы болған ол, тоқсаныншы жылдардағы елдегі қордаланған мәселелерді жоюға, халықтың ертеңге деген сенімін нығайтуға қажырлы еңбек етті. Ұзақбай Қарамановтың 85 жылдығына орай туған өлкесі, Сыр топырағында ауқымды шара өтті.
Ұзақбай Қараманов 1990 жылы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының алғашқы Премьер-Министрі болды. Айдынды Аралдан түлеп шыққан саясаткер, Қазақстан құрылысшылар одағының негізін қалады. Арал теңізінің де мәселесін халықаралық деңгейде көтеріп, оның шешілуіне мұрындық болды. Осындай тау тұлғаның 85 жылдығына орай Қызылордада қала орталығынан көше атауы берілді.
Ұзақбай Қараманов қарапайымдылықты қасиет төресі санап, сонымен бағасы артқан жан. Ол Үкімет басшысы болған тұста да, жомарттығымен де көптің есінде қалған.
Ұлдай РАМЕТОЛЛАҚЫЗЫ, Қ.ҚАРАМАНОВТЫҢ ЖАРЫ:
Кездесуге барады. Шалдар айтатын көрінеді Ұзақжан-ау, 2 ай болды зейнетақымызды бермей жатыр деп. Балам да, келінім де жұмыссыз қалды. Білмей отырмыз не істейтінімізді. Сонда қалтасындағы командировочныйынан алаған 5 мың, мынаған 3 мыңдар тарата берген ғой. Енді Қызылордаға келсе, Астанаға ұшатын билетпұл, ақшасы жоқ. Сондай әділ, адал адам болды.
Сақа саясаткердің атқарған ісі өлшеусіз. Бұл туралы оның көзін көрген ізбасарлары, замандастары «Тәуелсіздік түлеткен тұлға» атты республикалық ғылыми конференцияда айтты. «Ал облыс әкімі тау тұлғаның ерен еңбегі ел жадында қалуы керек» деді.
Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Ағамыздың артында қалған мол тарихи қайраткерлік мұрасы бүгінгі ұрпақтың рухын көтеріп, тәуелсіз қазақ елінің баянды болашағына қызмет ет берері анық. Алдағы уақытта облыс орталығынан ағамызға арналған бюст ескерткішін орнату жұмыстары қолға алынады.
Ауқымды шара соңы, Сыр өнерпаздарының концертіне ұласты.
М. Тоқтасынқызы