Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Жол-көлік апатынан тәулігіне кем дегенде 5 адам қаза табады - М.Ахметжанов

AstanaTV
04.10.2022ж. 20:00
1117
Жол-көлік апатынан тәулігіне кем дегенде 5 адам қаза табады - М.Ахметжанов

Жол апатынан тәулігіне кем дегенде 5 адам ажал құшады. Қыршын кеткендердің арасында балалар да аз емес. Бүгін Үкімет мүшелері Ішкі істер министрінің атқарып жатқан жұмыстарын тындады. Жол апаттары неге азаймай отыр? Тәртіпке бағынбайтындар кімдер? Тілшіміз тақырыпты тарқатады.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Жүйіткіген көлік, ішімдік ішкен жүргізуші, көшенің қақ ортасында ойнайтын бала, жол ережелерін елемейтін жеткіншек. Бұл жайттар жол апатына жиі себепші болады.  

Жыл басталғалы республика бойынша 5 млн-ға жуық жол ережесін бұзу фактісі реси тіркелген.

Оның 17 мыңы мас күйінде ұсталса, 20 мың жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айрылды, 16 мың адам әкімшілік қамауға алынып, 188 мың жаяу жүргіншіге айыппұл салынды.

Көп жағдайда апатқа себепкер көлік жүргізу куәлігін сатып алғандар дейді жауапты министрлік. Өйткені автомектептерге қойылатын талап жоқ, нәтижесінде сапа әлсіреген.

Марат АХМЕТЖАНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Қазір 747 оқу орталығы бар. 2018 жылдан бастап оларға лицензия мен рұқсат беру алып тасталды. 2020 жылдан бері олардың қызметіне мемлекеттік бақылау да жоқ. Дайындықтың төмен сапасы үшін әкімшілік жауапкершілік жойылды. Осының кесірінен – оқу процесі формализмге айналды. Көп мектептерде керекті материалдық база жоқ.

Жол апаты әсіресе, Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында жиі орын алады.  Құқық бұзушылықтың көптігі сонша, айыппұл автотұрақтарында орын қалмаған. Астанадағы тұрықтың біріне барып көрдік. Мұнда ине шаншар орын жоқ. Арасында қымбат автомобильдер, тіпті су көліктері де тұр.

Өткен аптада Ақтөбе тұрғындары айналма жолды жауып, не жарық жоқ, не жаяу жүргінші өтетін жер, не қауіпсіздік белгілері жоқ деп жергілікті әкімдікке талаптарын айтқан еді. Бұл мәселеге Үкімет басшысы да назар аударыпты. Ол көлік апаттарының негізгі себебі  – жолдың нашарлығы деді.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
 
Жол қауіпсіздігі саласында бейнекамералар мен басқа да техникалық бақылау құралдары жеткіліксіз. Республикалық маңызы бар автожолдарда бейнебақылау жүйесі тек Ақмола облысында ғана бар. +Өкінішке орай бізде жүргізушілер арасында көлік жүргізу мәдениет өте төмен. Жол ережесін жиі бұзатын шамамен 71 мың жүргізуші анықталды. Олардың кейбіреуі 150 рет жол ережесін бұзған. Бұндай жүргізушілерді қатаң жазаға тарту керек.

Жыл сайын елімізде 13 мың көлік соғылып, 2 мыңнан астам адам қаза табады екен. Демек тәулігіне 6 адамның ажалы жол апатынын болып отыр.

А. Базарбай