Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Реселейліктерге ЖСН не үшін керек?

AstanaTV
04.10.2022ж. 20:00
1267
Реселейліктерге ЖСН не үшін керек?

Ресейде ішінара мобилизация жарияланғалы бері, Қазақстанға 200 мыңнан астам ресейлік кіріпті. Бүгінде олардың 147 мыңы шекара асып, басқа елдерге кеткен. Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың дерегі осы. Министрдің айтуынша, істі болғандарды кері қайтарып, экстрадициялау мәселесі де үйлестірілуде. Шекараға барып, ондағы бүгінгі жағдайды көзбен көріп келген Оралдағы тілшіміздің репортажы.  

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Батыс Қазақстан облысындағы қазақ-ресей шекарасының қазіргі көрінісі осы. Мұндағы жағдай бір апта бұрынғыдан көп өзгерген. Ағылған адам нөпірі де, көліктер де сап тыйылған.
 
Тіпті жолаушыға таласқан таксилердің де қарасы көрінбейді. Ал транзиттік жүк көліктерінің  жүргізушілері жағдайдың түзелгеніне дән риза.  
 
БЛИЦ:
 
- Жоқ, ешкім жоқ, ешкім жоқ, ешкім жоқ. Все чисто, тап-таза.

- Ресей жақта жеңіл көлік жоқ, тек жүк көліктері тұр. Шекарадан шығып жатқандардың бәрі Қазақстан азаматтары сияқты.

 
Ресейде ішінара мобилизация жарияланғалы бері Қазақстанға 200 мыңнан астам ресейлік қашып келген. Бірақ олардың көпшілігі бізде тұрақтамай, басқа мемлекеттерге кетіпті.
 
Марат АХМЕТЖАНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Қазақстанның 40 мың азаматы күнделікті сыртқа шығып жатыр. Біз де әлемнің бір бөлшегіміз ғой қарым-қатынас болуы керек. Бұдан бұрын да күніне 10-12 мыңнан кіріп шығып жүрді Ресейдің азаматтары. Менің айтып отырғаным 1,8 млн кірді, 1,7 млн астамы шықты. Ал былтыр пандемияның алдындағы жылдары Ресей азаматтары 3 миллионнан кіріп отырды.
 
Дегенмен 70 мыңнан астам ресейлік Қазақстаннан жеке сәйкестендіру нөмірін алып үлгірген. Бірақ Цифрлық даму министрі де мұны қалыпты жағдайға балады. Әрі осы жүйе арқылы оларды бақылауға аламыз деп отыр.
 
Бағдат МУСИН, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРІ:

Мемлекет үшін келушілердің ел ішіндегі жүріс-тұрысы мен барлық іс-әрекетін қадағалау маңызды. Оларға берілген нақты нөмір арқылы барлық деректі сәйкестендіреміз. Қайда барып, қандай қызмет алғанын, тіпті қанша айыппұлы барын көреміз. Қадағалаушы органдарымыз оларды осылай бақылайды. Сондықтан, ЖСН алғандар Қазақстан азаматтығын алды деуге болмайды.

 
Министрдің айтуынша, бүгін түске дейін Ресейден 7 мың 800 адам кірсе, 10 мың 500 азамат Қазақстаннан шығып кеткен. Ал 10 күн бұрын  бұл сан бұдан бірнеше есеге көп болатын.
 
Е. Карин