$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Шымкентте ерекше балаларға арналған орталық жабылып қалуы мүмкін

AstanaTV
04.10.2022ж. 20:00
1929
Шымкентте ерекше балаларға арналған орталық жабылып қалуы мүмкін

Шымкентте ерекше балаларға арналған ерекше орталық жабылып қалуы мүмкін. Себебі, ғимарат жоқ. Қазір олар жалдап отырған нысан бұзылмақшы.  Мұны естіген ата-аналар алаңдаулы. Енді осы орталықта тәрбиеленіп жатқан 100-ден астам бала қайда бармақ? Мәселеден құзырлылар хабардар ма?  Өңірден-Айзада Төребекқызы.

Ата-аналардың айтуынша, тіл дамыту орталығы ашылғалы жақсы нәтиже болған.  Заманауи құралдармен жабдықталған орталық енді жабылса, балаларымыздың жағдайы қалай болады деп   олар жанұшырып жүр.

Ақайша ЫРЫСБЕКОВА, АТА-АНА:

Бүгінгі таңда менің қызым предшколкаға барды. Осы оқу  жылынан бастап. Менің қызыммен оңаша жұмыс жасалып жатыр және топта жұмыс жасалып жатыр, яғни болашақта оны мектепке , өмірге бейімдеу көмектері өтіп жатыр. Бізге ата-ана ретінде, ана ретінде ол үлкен қуаныш.  

Ольга НОВОСАДОВА, АТА-АНА:

Менің ұлымның жасы 11-де. Ол енді ғана сөйлей бастады. Осы жерге келіп жүрген төрт жылда жеткен жетістігі бұл. Жазу жазатын боп жүр. Оған дейін басқа бірнеше жерде болдық. Тіпті диагнозының өзін қоя алмаған. Ал бұл жерде қазір сөздің басын құрап айтатын болды. Ортамен араласуды үйренді. Егер бұл орталық жабылса,  ұлым қайтадан көзі ашылмаған марғау секілді үйде қамалып қала бермек пе? Жоғарыдағылар менің балам секілді қаншама баланың тағдырына бей-жай қарамаса екен.

 
2013 жылы құрылған қоғамдық бірлестік бұл ғимаратты   он жылдан бері жалдап келеді. Енді оның иесі  нысанды шұғыл босатыңыздар, бұзылғалы жатыр деп ескертіпті.

Елена ФРАЛОВА, ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Хат жазбаған жерім жоқ. Министрлік, әкімдік, бәріне, хабарласып келемін. Әзірге нәтиже жоқ. Жауапты басқармадағылар ғана жағдайымызды сұрап тұрады. Бірақ ол жақтан берілетін қаржыны біз балаға жұмсағандықтан басқа мақсатқа қолдана алмаймыз, оның өзі жетпейді де. Мысалы, тапқан ғимараттардың жалдау ақысы тым қымбат. Кемі 2,5 млн теңге сұрайды. Ондай ақша бізде жоқ. Бағаны көтерейін десем, көп ата-ананың қалтасы  көтермейді.  
 
Бұл орталықта жылына мыңға жуық бала оңалтудан өтеді. Тіпті еліміздің түкпір түкпірінен келетіндер бар көрінеді. Жауапты орындар  бұл мәселені шеше алмайтындарын айтады. Сұқбат беруге де келіспеді. Себебі, мекеме-жеке.  
 
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы ның ақпаратынша, ерекше балаларға арналған орталық мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Биыл 72 адамға  келісім -шарт жасалған . Ол үшін 43,8 млн теңге қаржы қаралған.  Ал енді оны ғимаратпен қамту біздің міндетіміз емес дейді.  

 А. Төребекқызы