Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Түркістандық шаруалар биыл да өнімін өткізе алмай шырылдап жүр

AstanaTV
04.10.2022ж. 20:00
1323
Түркістандық шаруалар биыл да өнімін өткізе алмай шырылдап жүр

Түркістандық шаруалар биыл да өнімін өткізе алмай шырылдап жүр. Айтуларынша, баста 1 тоннасы 400 мың теңгеден сатылған мақтаның бағасы  187 мың теңгеге бір-ақ түскен.  Ала жаздай еткен еңбектен  пайда таппақ түгілі, шығынын да өтей алмай қаламыз деп олар дабыл қағуда. Зауыт иелері бағаны өздері белгілеп, шіреніп отыр дейді.

Мақтаралдықтардың негізгі кәсібі- мақта егу. Жыл 12 ай еңбектенуді қажет етсе де, оған әбден машықтанған. Алайда, соңғы кезде  мақта шаруашылығының  шығыны артты дейді.  

Кенже БЕКТЕНОВ, ШАРУА:

Жер айдату 18-20 мың теңгеден басталды. Мына суымыз біздің ағын су 5 мың теңге гектарына. Ол жылда 2 мың тұғын. Содан кейін мынау солярка қымбат. Солярка қымбат болғаннан кейін техника қымбат жұмыс істеуге. Осы екі жыл бұрынғыдан үш есеге өсіп кетті.


Биыл әкімдік мақтаның 1 тоннасын 374 мың теңге деп белгілеген. Зауыт иелері 200 мың теңгеден асырмай отыр. Қолында қаражаты жоқ шаруалар мақтаны егіп, өсіріп, баптау үшін  аванс алғандықтан өнімді сол зауытқа өткізуге мәжбүр. Ал мынадай баға   шығынды да ақтамайды деп ашуланады.   

Төрехан НҰРЛЫБЕКОВ, ШАРУА:

Мақтаны алатын кезде, олар бағаны түсіре береді. Оған ештеңе демейді ма? Солярка, селитра барлығы көтерілді. Неге солярканы түсірмейді бізге, тыңайтқышты неге түсірмейді.


Ал ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша,  шаруалар  Үкіметтен тиісті  жеңілдіктің бәрін алып жатыр. Ал, бағаны нарық реттейді дейді.  
 
Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:


Шитті мақтаны алатын болсақ, бізде 18 өңдейтін кәсіпорын бар. Көбісі сол Оңтүстік өңірде орналасқан. Мақтаның бағасы әлеуметтік маңызы бар тауарға жатпайды. Сол себепті нарық реттейді.  

Жергілікті билік өкілдерінің де өз айтарлары бар. Биыл мақтаға шетелдіктерден сұраныс жоқ дейді. Шаруалардың шуынан кейін облыс басшылығы мақта өңдеу зауыттары   мен халықаралық трейдер компания өкілдерімен кездескен.   

Дархан САТЫБАЛДЫ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Таразыдан алдайды дейді. Таразы қабылдаған кезде жүз келі болса, одан төмендетіп алады дейді. Екінші сапасын түсіріп жібереді дейді. Анализ, лабороторияларды дұрыс шығармайды дейді. Ылғалдығы жоғары, тағы бірдеңке деп, міне осы құзырлы органдарды осы мәселеге назар аударуға шақырдым.

Алайда,  тараптар әлі ортақ келісімге келе алмай отыр.  Қазір  мақтаның 1 тоннасы 187 теңгеден саудаланып жатыр. Шаруалар «ақ алтын» деп әспеттеген өнімін арзан болса да зауытқа өткізуге мәжбүр. Себебі,  өнімді уақытылы жинап алмаса, сапасы мен сорты төмендеп, тіпті тиын-тебенге де өтпей қалады.   Елімізде дайын өнімді одан әрі өңдейтін де орын жоқ.  Мақта Ливерпуль биржасына тікелей тәуелді.  Сондықтан мақта құнына шетелдік биржа мен бәсекелестік ортаның да әсері бар.