Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қызылжарда мемлекеттік бағдарламамен салынған екі тұрғын үйде жылу жоқ

AstanaTV
04.10.2022ж. 20:00
1481
Қызылжарда мемлекеттік бағдарламамен салынған екі тұрғын үйде жылу жоқ

Қызылжарда мемлекеттік бағдарламамен салынған екі тұрғын үйде жылу жоқ. 200-ге жуық отбасы суық  пәтерде  бүрсеңдеп отыр. Кейбіреулер туыстарын жағалауға мәжбүр.  Ол аздай, жарық та жиі сөнетін көрінеді. Жұрттың жанайқайын тілшіміз Абзал Құрманкин жеткізеді.

12 жыл бойы пәтер кезегінде тұрған Әскен Сәрсембаева бес ай бұрын жаңа пәтердің кілтін алып,  қоныс тойын тойлады. Алайда, арманына жетсе де, қолын жылы суға мала алмай отыр. Айтуынша, жаңа баспананың шикілігі шаш етектен.

Әскен СӘРСЕМБАЕВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бастапқыда көшкен кезде қатты қуандық. Жазда кемшіліктер білінген жоқ. Ал қазір бөлмелердің іші азынап тұр. Түк коммуникация жоқ. Біздің шыдамымыз таусылды.

17 қабатты қос баспана "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында салынған. Зәулім үйлерде 200-ге жуық отбасы тұрып жатыр. Нысан көктемде тапсырылғанымен, әлі күнге дейін ыстық су жүйесіне қосылмаған. Енді міне күн суытқанда, жұрт жылусыз отыр.  Жығылғанға жұдырық дегендей, екі күннен бері жарық та жоқ.   

Алма ӘШІМОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Енді ата-анамызға, туыстарымызға барып жүрміз. Сонда жуынамыз. Ыстық тамақ ішеміз. Термоспен шай алып келіп жүрміз. Менің қызым бар.  Оны мен ағамның үйіне апарып тастадым.

Айдана ЖӘНІБЕКОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біздің председатель ОСИ аша алмай жатыр. ОСИ ашу үшін көп уақыт керек дейді. Біз документтерді июль айында жинағанбыз. Сондықтан Севказэнерго бізге шот аша алмай жатыр. Ал екінші жағынан Альфа север застройщигіміз егер лицевой шоттар болмаса, жылуды қоспаймын дейді.


Ал жергілікті билік өкілдері мәселе бұған тіреліп тұрмағанын айтады. Мүлік иелерінің бірлестігі құрылмаса да, жылу жақын арада беріледі дейді.  Тұрғын үйді салған мердігер компания жылу құнын уақытша өзі өтейді. 

Әсем АЙТУЛОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ТҮКШ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
 
Қазіргі таңда мердігерлер жаңағы үйде жөндеу жұмыстарын жүргізіп  жатыр. Кешке дейін толық бітуі тиіс. Кейін жылу да болады, жарық та болады. Және де қазіргі таңда тұрғындар Севказэнергода жеке шоттар ашу үстінде. Сол ашылмағанға дейін мердігер компания жылуға да, жарыққа да төлейтін болады өз есебінен.


Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:


Жас өркен ауданындағы тұрғын үйлердің тең жартысында электр энергиясы жоқ. Тұрғындар  уақытша қуат көзін пайдаланып отыр. Себебі, құрылыс компаниясы  электр станциясын  әлі іске қоспаған. Сондықтан жарықтың кенеттен сөніп қалуы бұл жақта үйреншікті жағдайға айналған.

А. Құрманкин