Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

«Біздің көк паспортымызды бүкіл әлем таниды және құрметтейді», - Президент

AstanaTV
05.10.2022ж. 20:00
1547
«Біздің көк паспортымызды бүкіл әлем таниды және құрметтейді», - Президент

Қазақстанда олигархтық капитализмнің заманы өтіп, ел азаматтарының алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін кезең жетті. Мемлекет басшысы Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында халықпен кездесуде осылай деді. Сондай-ақ, еліміздің көк паспорты ұлттық бірегейлігіміздің қарапайым, бірақ басты көрсеткіші болуы керектігіне сенімді екенін айтты. Бұл құжат – біздің мемлекеттілігіміздің тірегіне айналған озық қағидаттардың нышаны деп сөзін шегеледі.

Президент көк паспорттың құндылығына айрықша мән берді. Әділдіктің және ұлттың болашаққа ұмтылысының символына балады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің көк паспортымызды бүкіл әлем таниды және құрметтейді. Шет мемлекеттердің визаларын беруді қоса алғанда шетелде қазақстандық паспортқа қатысты қандай да бір шектеулер жоқ. Бұл – Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған еліміздің теңгерімді әрі жауапты сыртқы саяси бағдары мен ішкі саясатының тікелей нәтижесі.

Мемлекет басшысы, Қазақстанда олигархтық капитализмнің заманы өтіп, ел азаматтарының алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін кезең жеткендігін айтты. Бұл бағытта кәсіпкерлермен диалог орнатып, қолдау жалғаса бермек. Шетелдік инвесторлар үшін де есігіміз әрдайым ашық.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз шетелдік инвесторлар үшін әлі де тартымдымыз. Қазақстан әлемде халықаралық істерде жауапты және өз дамуында прогреске қол жеткізуге бағытталған әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа ұмтылатын қарқынды дамушы ел ретінде кеңінен танымал. Бұл әсіресе күрделі геосаяси жағдайда, жалпы араздық пен сенімсіздік атмосферасының өсуі аясында өте маңызды.

Президент Қарағанды облысындағы тау-кен және металлургия өнеркәсібі еліміздің экономикалық әлеуетін дамытуда айрықша орын алатынын, мұнда республикадағы мыстың тең жартысы, көмірдің үштен бірі, болаттың 85 пайыздан астамы өндірілетінін айтты. «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы мен «Saran» индустриялық аймағында бірқатар ірі кәсіпорын іске қосылып, перспективасы мол өндіріс жобалары жүзеге асырылып жатыр. Олар шетелдік компаниялардың өндірісін көшіретін алаңға айналдыруға мүмкіндік бар. Қазір Орталық – Оңтүстік көлік дәлізі салынып жатыр. Балқаш қаласы арқылы өтетін жолдың құрылысы өте баяу жүріп, мерзімі қайта-қайта кейінге шегерілуде. Келесі жылы толық аяқтауды Үкіметке тапсырды. Ал «Қарағанды – Жезқазған» күре жолының құрылысын келер жылы бастау қажеттігін ескертті. Президент Қарағандыдағы өндіріс ошақтарының едәуір бөлігі 5 моноқалада шоғырланғанын атап өтіп, облыс халқының жартысына жуығы осы қалаларды мекендейтініне назар аударды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Үкімет моноқалалардың комуналдық желілерінің жөндеуге жұмсалатын қаржы көлемін арттыру қажет. Себебі, біздің азаматтарымыз қай қаланың тұрғыны болмасын таза жасыл желекке толы, бай-қуатты гүлденген ортада өмір сүру керек. Оны қамтамасыз ету мемлекеттің міндеті.

Қарағанды - елдің индустриалдық локомотиві болғандықтан ғылым-білім мен мәдениеттің гүлденуіне қолайлы қала. Бірақ кеншілер шаһарын дамытудың бас жоспары 2007 жылдан бері жаңартылмаған. Президент үшінші жылу құбырының құрылысын аяқтауға қажетті қаражат бөлуді тапсырды. Мемлекет басшысы, Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында тұрмыстық техника және көлік дөңгелегін шығаратын зауыттарының жұмысымен де танысты.

Т. Әлжанов