Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Қауымдастықтар, бірлестіктер мен ұйымдар қарашадағы сайлауды талқылады

AstanaTV
05.10.2022ж. 20:00
2205
Қауымдастықтар, бірлестіктер мен ұйымдар қарашадағы сайлауды талқылады

Бүгін Астанада және Алматыда бірқатар қоғамдық кеңестер, өзара бас қосып, қарашада өтетін Президент сайлауын талқылады. Мемлекет басшысына кандидаттарын ұсынды. Қоғамдық бірлестіктер мен белсенді ұйымдардың жиынына қатысқан тілшіміз тақырыпты тарқатады.

Алматыда өткен жиынға 146 генерал қатысты. Олар Президент лауазымына Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Қазақстан Азаматтық Альянсының мүшелері де әлемдегі күрделі геосаяси жағдайға қарамастан, елде саяси жаңғыру, экономиканы қайта құрылымдау, әлеуметтік саланы дамыту жоғары қарқынмен жүріп жатқанын тілге тиек етті. Бұл Президенттің еңбегі деп отыр.

Бану НҰРҒАЗИЕВА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЗАМАТТЫҚ АЛЬЯНСЫ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан халқының атынан сөйлейтін құқылы ең бірінші біздің Қазақстанның азаматтық альянсы. Неге десеңіз, біз біріншіден ешқандай мемлекеттен ақша алып, қаражат алып, солардың айтқан сөзін істейміз деп жатқан жоқпыз. Бұл жүрегімізден шығып отырған ұсыныс. Президент қай ұйымның, қай ұйымды қолдап, осының атынан барамын деген болса біз сол ұйымға қосылып, бірге жұмыс жасауға дайынбыз.

Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі де кезектен тыс конференция өткізіп, ұйым атынан сайлауға үміткер ұсынды. 3,5 мың мүшесі бар бірлестік бірауыздан Қасым-Жомарт Тоқаевты лайықты деп шешті. Спортшылар одағының мүшелерінің де шешімі осындай.

Азамат ҚАРЛЫҒАШЕВ, "ҚАЗАҚСТАН СПОРТШЫЛАР ОДАҒЫ" РҚБ ТӨРАҒАСЫ:

Біз 2020 жылдан бастап жұмыс тобы аясында жұмыс істедік. Заңға бірқатар түзетулер енгізуді ұсындық. Мемлекет басшысы Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп басталарымызды, заңнамалық ұсыныстарымызды қолдады. Енді еңбек сіңірген жаттықтырушылар, спорт шеберлері ай сайын 318 мың теңге көлемінде жәрдемақы алатын болады.

Республикалық қоғамдық жастар бірлестігі де Мемлекет басшысының реформаларын қолдайды. Әлем орын алып жатқан тұрақсыздық кезінде ел үшін оңтайлы шешім қабылдап, өзінің дипломаттық шеберлігін дәлелдеді деп санайды.

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, "QAZAQSTAN TEAM" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ЖАСТАР БІРЛЕСТІГІНІҢ БАСШЫСЫ:

Гео саяси жағдайда, әсіресе мына өткізіліп жатқан реформаларға қарап, сол Қасым-Жомарт Кемелұлы лайықты тұлға деп есептейміз. Бірауыздан осы шешімге келіп отырмыз.

Волонтерлар да саяси науқанға үн қосты. Олар жастар мәселесі мемлекет басшысының назарынан түспегенін, Дүниежүзі тарихында болмаған бастамалардың ұйытқы бола білген қасиеті жоғары бағалайды.

Әнуар ЖҰМАБЕКОВ, ВОЛОНТЕР:

2020 жылды волонтерлер жылы деп жариялауы, сонымен қатар БҰҰ бас ассамблеясының 75-сессиясында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік тарихта ешқашан болмаған әлем волонтерлерін бір ауыздан халықаралық деңгейде жұмылдыру туралы бастамалар көтерді. Сонымен қатар мемлекет басшысының "біргеміз" республикалық волонтерлер фронт офисын, сонымен қатар өңірлердегі фронт офистерді ашу туралы қолдауы біз үшін өте керемет бастама болды. Бұл -тарихи бастама.

Қазақстан ардагерлері қауымдастығы да ел үшін маңызды саяси науқанға әзірліктерін көрсетіп, бір ауыздан Президенттікке қазіргі Мемлекет басшысын ұсынатындарын айтты. Ардагерлер ұйымы республикалық қоғамдық бірлестігі де өзінің кезектен тыс Х съезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдап, тиісті қаулы қабылдады.

А. Базарбай